БастыСпортТуризм

Велоспорт әлемінің назары Түркияда: 60-шы Президенттік Тур бастау алды

Кеше Түркия мен әлемдегі ең беделді велошерулердің бірі саналатын Президенттік Велошерудің (TUR 2025) 60-шы маусымы бастау алды.  27 сәуір мен 4 мамыр аралығында Түркияның ең көрікті аймақтарында өтетін додаға әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік командалар мен спортшылар қатысуда.

Түркия Президентінің ресми қолдауымен, Түркия Велоспорт федерациясының ұйымдастыруымен және Жастар және спорт министрлігі мен Түркия Туризмді ілгерілету және дамыту агенттігінің қолдауымен кеше, 27 сәуірде Анталияда басталған жарыс 4 мамырда Измирде аяқталады. Сегіз күнге созылатын және сегіз кезеңнен тұратын турнирге АҚШ, Германия, Бельгия, Қытай, Франция, Нидерланд, Испания, Италия, Қазақстан, Малайзия, Норвегия, Польша және Түркия командалары қатысады. Қатысушылар қатарында велоспорт әлемінің жарық жұлдыздары мен болашағынан үміт күттіретін жас спортшылар бар.

Түркияның бай мәдениетімен танысу саяхаты

Бұл жарыс тек спортшылардың төзімділігін сынап қана қоймай, Түркияның табиғи және мәдени байлықтарын да әлемге танытады. 190 елде, бес құрлықта, 13 тілде тікелей эфирде көрсетілетін дода Түркияның велотуризм әлеуетін де алға шығармақ. Велошеру бағытында апельсин, лимон, мандарин бақтары, жөке мен тимьян иісі аңқыған жолдар, қарағай, зәйтүн және мастика ағаштарымен көмкерілген көріністер кездеседі. Жергілікті шай, кофе, симит сияқты дәстүрлі тағамдар мен көзмоншақ секілді мәдени рәміздер де көрермен назарына ұсынылады.

TRT Haber

Анталиядан басталған сапар Кемер, Калкан, Фетхие, Мармарис, Акьяка, Айдын, Кушадасы, Селчук пен Чешме қалаларын басып өтіп, Эгей теңізінің інжу-маржаны — Измирде аяқталады. Анталиядағы алғашқы кезең (132 км) тарихи орындар — Калеичі, Хадриан қақпасы, Йивли минареті, көне Силион қаласы мен Белек арқылы өтеді.

Antalya — Hadrianus Kapısı

Кемер мен Калкан арасындағы кезеңде (167,4 км) Патара жағажайы, Янарташтың мәңгілік жалыны, Мира, Финеке, Демре, Каш және атақты Капуташ жағажайы қамтылады. Фетхие мен Мармарис арасындағы кезең (175,9 км) Көбелектер алқабы, Өлүденіз, сирек кездесетін Каретта-Каретта тасбақалары және Далян дельтасының табиғи сұлулығымен ерекшеленеді.

Antalya- Patara

Төртінші кезеңде (Мармарис–Акьяка, 115,4 км) теңіз жағасындағы орман жолдары мен жел серфинг аймақтары таныстырылады. Мармарис пен Айдын арасындағы бөлім (151 км) Афродисиас көне қаласын және әйгілі зәйтүн бақтарын қамтиды. Кушадасы мен Селчук бағытында (161,4 км) ЮНЕСКО тізіміне енген Эфес қаласы, Артемида ғибадатханасы және Қасиетті Мария анасының үйі көрсетіледі. Селчук пен Чешме аралығында (144,2 км) Ширинже ауылы, Сеферихисар және Чешме көрініс табады. Ақырғы кезең — Чешме мен Измир арасындағы (105,7 км) бағыт Измир сағат мұнарасы, жергілікті тағамдар және көне жүзімдіктермен түйінделеді.

İzmir Eurovelo- cycling

Халықаралық Велоспорт Одағының (UCI) Еуропа турлары күнтізбесінде «ProSeries» санатындағы жарыстардың бірі ретінде тіркелген Түркия Президенттік Велошеруі Түркияның ғаламдық велоспорттағы орнын және велотуризм мүмкіндіктерін көрсетеді. Велошеру тек бағыттармен ғана емес, велосипедшілерге арналған жайлы қонақүйлер, қауіпсіз тұрақтар, велосипед жуу және жөндеу қызметтері сияқты инфрақұрылымымен де назар аударады.

 

TuraNews

Back to top button