Астана: Бурабайдағы ұлттық құрылтайда ел болашағы үшін нақты ұсыныстар айтылды

Бүгін Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы аясында Президент бастамаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Жиынға Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысып, Мемлекет басшысы ұсынған бес бағыт бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
«Бұл отырыс Мемлекет басшысының айтқан бастамаларын нақты іске асыру жолдарын айқындауға, ортақ пікір қалыптастыруға септігін тигізеріне сенім мол. Әкімдік алаңында президент көтерген 5 мәселе бойынша өз ұсынысымды айттым.
Әуелгісі, Президентіміздің бастамасымен «Адал азамат» ұлттық тәрбие бағдарламасының ауқымы кеңейіп жатыр. Бұл – өте орынды әрі уақыт талабына сай шешім. Себебі, білім бергенмен, тәрбие болмаса – ел болашағы бос қиял ғана болып қалады. Абай атамыз айтқандай, «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады». Сондықтан бұл бағдарламаның көшін алдымен Елорда бастауы тиіс. Ұлттық тәрбие бағдарламасы барлық білім беру мекемелерінде жүйелі түрде негізге алынуы қажет. Тәрбиесіз берілген білім – ұлтқа пайда емес, қауіп әкелуі мүмкін.
2. Екінші мәселе – қоғамда кәмелет жасына толмағандар арасында және оларға қарсы құқық бұзушылық, жасөспірімдердің арасында аутодиструктивті мінез-құлық өзекті мәселе. Білім беру ұйымдарының басшылары ретінде бұл мәселе мені ерекше алаңдатады. Әрине бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылуда:
– құқық қорғау органдарымен бірлескен іс-шаралар,
– психологиялық қолдау орталығының ашылуы,
– қалада ашылған 7 психологиялық көмек көрсету орындары,
– мектептердегі қосымша педагог-психологтар,
– буллингке қарсы бағытталған халықаралық жобалары,
– мобилдік топтардың жұмысы,Бірақ, біз бар мәселе осымен шешілді деп айта алмаймыз. Бұл мәселе тек білім саласының емес – барша қоғамның проблемасы. Сондықтан бізге бұл іске жаңа деңгей, жаңа бағыт, серпін беруіміз қажет.
Осыған орай, мен нақты ұсыныс ретінде – «Елорда балалары» атты қалалық кешенді бағдарламаны қабылдауды ұсынамын. Бұл бағдарламада:– білім беру мекемелері,
– денсаулық сақтау ұйымдары,
– құқық қорғау құрылымдары,
– үкіметтік емес ұйымдар,
– қоғамдық кеңестер,
– әсіресе депутаттар бірлесе отырып,бір мақсат – бір ұрпақ – бір болашақ жолында жұмыла жұмыс істеуі тиіс.
Бұл – бір күндік емес, жүйелі жоспарлы түрде іске асатын, балалар үшін бәріміз жауаптымыз деген ұстаныммен құрылатын бағдарлама болуы керек.3. Ел Президентінің бастамасымен жарияланған биылғы – Жұмысшы мамандықтар жылы – тек қана атаулы науқан емес, шын мәніндегі ел болашағына бағытталған үлкен әрі тың қадам болды.
Астана қаласында осы бастаманы жүзеге асыру аясында кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінде жүйелі, ауқымды жұмыстар қолға алынды.Мәселен, жуырда өткен құрылтайда президент Қостанайдағы колледж тәжірибесін ел бойынша кеңінен қолдану керектігін тапсырды. Біз де аталған оқу ордасының тәжірибесімен танысып, бүгінгі күні елордалық колледждер нарық сұранысына қарай мамандар даярлау мәселесін қарқынды қолға алдық.
Еңбек нарығының өзгеруіне байланысты «Жаңа мамандықтар атласы» жасақталып, нақты бағыттар айқындалды. Соның негізінде біздің Технологиялық колледжде «техник-гидрогеолог» мамандығы ашылса, Құрылыс-техникалық колледжінде «хаус мастер» мамандығы іске қосылды. Бұл мамандықтар – елорда инфрақұрылымының дамуына қажетті кадрларды даярлауға тікелей қызмет етеді.
Қала колледждері дуалды оқыту жүйесін сәтті енгізіп келеді. Мәселен, Astana Polytechnic жоғары колледжі мен Қазақ агротехникалық зерттеу университеті арасында арнайы меморандум жасалып, бірлескен бағдарламалар жүзеге асуда. Сонымен қатар, 2024 жылы 4 қыркүйекте Sheraton Astana қонақ үйімен келісім жасалып, туризм және қонақжайлылық саласындағы студенттерге тәжірибе алаңы құрылды. Жалпы, дуалды жүйемен оқыған студенттердің 85%-ы алғашқы үш ай ішінде тұрақты жұмысқа орналасуда. Бұл – нақты нәтиже.
Әлеуметтік қолдау да назардан тыс қалған жоқ. Көптеген жұмысшы мамандары мен өндірістік оқыту шеберлері үшін «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы арқылы тұрғын үй мәселесі шешімін тауып жатыр. Бұл – кадрды қолдау мен ұстап қалудың нақты тетігі.
4. Білім беру саласының өкілі ретінде, елордада балалардың жан-жақты дамуына бағытталған орталықтардың жүйелі және сапалы жұмыс істеп жатқанына ерекше қуаныштымын. 2024 жылы жеке инвесторлардың қолдауымен іске қосылған «Sana Bilim» Жаңа Ұрпақ орталығы мен «Sana Sport» спорт және шығармашылық орталығы – осы бағыттағы сәтті жобалардың бірден-бір дәлелі. Бұл орталықтар балалардың интеллектуалдық, физикалық және шығармашылық әлеуетін дамытуда аса маңызды рөл атқарып отыр. Ата-аналар мен оқушылар тарапынан сұраныс өте жоғары. Сондықтан осындай үлгідегі орталықтарды өзге өңірлерге де көптеп салып, тәжірибесін кеңінен енгізу қажет деп есептеймін. Бүгінгі күні
Елордамызда заманауи талаптарға сай 3 оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр. Қуантатыны бұл оқушылар сарайы балалар бос уақытын сапалы ұйымдастыру, қабылетін дамытуға арналған орталықтың тапшылығы сезіліп отырған Жағалау шағын ауданында, Оңтүстік-Шығыс, Көктал тұрғын алаптарында салынып жатыр және осы үш нысанның біреуі биыл қолданысқа берілмек.
Осыған байланысты, менің нақты ұсынысым – жеке инвесторлар есебінен «Sana» үлгісіндегі даму орталықтарының санын көбейту. Бұл мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестік үлгісі бола алады. Біз, білім беру саласының өкілдері, мұндай жобалардың сапалы жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз.
5. Бесінші мен ұсынғалы отырған мәселе. Президент Ұлттық Құрылтайдағы сөзінде «Ұлттық киім, бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек» деді. Расында, ұлттық киімдерге қоғамда қызығушылық жоғары. Білесіздер, барлық білім ордаларында «Апта күндері» жобасы жүзеге асып келеді.
Яғни «дүйсенбі – әдепті күн, сейсенбі –денсаулық күні, сәрсенбі – кәсіби бағдар күні, бейсенбі – тазалық күні болса, жұма – ұлттық киім күні». Осы ұлттық киім күніне ерекше тоқталып өтсем. Бұл күні балалар тек қана киім киіп қана қоймайды, қоңырау уақытында ұлттық ойындар ойнайды. Ұстаздар да, барша мектеп ұжымы бұл акцияға атсалысады. Сонда балалардың бойындағы патриоттық сезім ояна түседі. Өзінің және өзгенің ұлттық құндылығына құрметпен қарауға баулиды. Енді бұл бастаманы ересектер де, мемлекеттік қызмет мамандары да қолдаса, құба құп болатын секілді. Қалалық мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында да аптаның бір күнінде «Ұлттық киім күнін» енгізуді ұсынамын. Біздің ұлттық киіміміз тек Наурызда ғана сандықтан шығатын бұйым болмаса дейміз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Мемлекет басшысы Бурабай баурайындағы құрылтайда сөйлеген сөзінде елдің ішкі саясаты, идеология және экономика саласындағы мемлекетіміздің алдағы жылдарда даму бағдарын айқындап берді. «Адал азамат» бұл іргетасы мықты, әділетті қоғамның негізі. Президент жүктеген стратегиялық міндеттерді сапалы жүзеге асыру үшін бүкіл қоғам жұдырықтай жұмылуы қажет. Бұл әріден соң әр азаматтың ел дамуы мен болашағына өз үлесін қосуына берілген үлкен мүмкіндік дер едім. Ендеше, бір-бірімізге сенейік, демейік. Ел мүддесі жолында ерінбей, еңбек етейік!», — деді Жеңіс Қасымбек.