Қоғам

Өскеменде «мен – кәсіпкермін» атты облыстық турнир өтті

Қазақстан-Американдық Еркін университетінің Өскемен экономика және техника колледжі облыстық Білім басқармасы және ШҚО Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен студенттер мен оқушылар арасында дәстүрлі «Мен – кәсіпкермін» атты облыстық турнир ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Байқаудың басты мақсаты – жастарды сүйікті ісін кәсіпке айналдыруға ынталандыру және олардың кәсіпкерлік дағдыларын дамыту. Биылғы турнирге облыс орталығы мен төрт ауданнан 13 колледж және 14 мектептен барлығы 62 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 23 жоба командалық түрде, 39 жоба жеке ұсынылған. Жұмыстардың жартысы қазақ тілінде, қалғаны орыс тілінде әзірленді.

– Біз Нұркен Әлібеков екеуіміз «Құсбегілікті жаңғырту арқылы туризмді дамыту» жобасын дайындадық. Мақсатымыз – ұлттық дәстүрді сақтай отырып, туристерді тарту. Өзім бала кезден құсбегілікпен айналысамын, тіпті «Мұзбалақ» атты бүркітім бар. Бұл жобамен өңірдің туризм саласын дамытуға үлес қосуды көздейміз, – дейді қатысушы Айзере Маркс.

Байқау 10 түрлі номинация бойынша өтті: әлеуметтік кәсіпкерлік, сауда, қызмет көрсету, өндіріс, шоу-бизнес пен мәдениет, технологиялар, білім мен цифрлық шешімдер, медицина, туризм және экология. Қатысушылар өз жобаларын сарапшылар алқасының алдында қорғап, креативті идеяларымен көзге түсті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2016 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл турнир жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, болашақ кәсіпкерлік жолындағы алғашқы қадам бола алады. Үздік жобалар республикалық деңгейдегі байқауларға жолдама алады. Барлық қатысушылар мен олардың жетекшілеріне дипломдар мен сертификаттар табысталды.

TuraNews

Back to top button