ШҚО-да ұлттық кітап күніне орай тағылымды іс-шара өтті

23 сәуір – Ұлттық кітап күні биыл алғаш рет ресми түрде аталып өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен белгіленген жаңа мереке аясында еліміздің түкпір-түкпірінде кітапқа деген құрметті дәріптеген түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – Өскемендегі А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада өткен «Қуатты елдің жастары – кітаппен» атты пікірталас алаңы болды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Шараға «Төр Алтайдың әдеби әлемі», «Кітаппен өскен мен», «Кітап ал» секілді әдеби-шығармашылық топтардың белсенді мүшелері мен кітапсүйер жастар қатысты. Басқосудың мақсаты – жастар арасында кітап оқуға қызығушылықты арттыру, ұлттық әдебиетке сүйіспеншілік қалыптастыру және рухани дамуға жол ашу.
Пікірталастың шымылдығын белгілі балалар жазушысы Күлмай Сембайқызы ашып, өзінің кітаппен байланысты өмірлік тәжірибесі мен кітап оқудың адамға тигізетін әсері жайында мазмұнды ойларымен бөлісті.
Сондай-ақ «Аманат» партиясының ШҚО филиалы жанындағы жастар қанатының төрайымы Қорлан Туғамбаева жастар арасында әдеби талғамды қалыптастыру және кітап оқу мәдениеті жайында сөз сөйледі.
Шара барысында жас қаламгерлер Қ. Дүргінбай, С. Қуанғанұлы, Ә. Әуезхан, Р. Асқарұлы, А. Досханұлы өз туындыларын оқып, сүйіп оқитын кітаптары туралы әсерлерін ортаға салды. Отбасымен келген оқырмандар – Манарбекұлы Шыңғыс пен Ардаққызы Шырын балаларды кітап оқуға қызықтырудың әдістерімен бөлісті.
Кітап сүйер жастар «Кітап оқуды қай форматта қалайсыз?», «Қандай жанрларды таңдайсыз?», «Кітап таңдағанда кімнің кеңесіне құлақ асасыз?», «Кітап оқу сіз үшін нені білдіреді?» сияқты сұрақтар төңірегінде қызу пікір алмасты.
Шарада жас өнерпаздар ән шырқап, кешке ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар викториналық сұрақтар ойнатылып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар – кітаптар табысталды.
Бұл кездесу тек Ұлттық кітап күнін атап өту ғана емес, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мен шығармашылыққа ынталандыру мақсатында жасалған маңызды мәдени бастама болды. Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.