Өскеменде еңбек құқығы мәселелері талқыланды

Өскемен көпсалалы технология колледжінде еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру және жұмыс өнімділігін арттыру мәселелеріне арналған кездесу өтті. Шараға ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин арнайы іссапармен келді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Қонақтарды ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен колледж директоры Қажумқан Оспанғалиев қарсы алып, оқу орнының жұмысымен таныстырды. Колледж қабырғасында ірі өндіріс орындарының қолдауымен жабдықталған шеберханалар көрсетілді. Сатыбалды Дәулеталин еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандарды даярлауда осындай құзыреттілік орталықтарының маңыздылығына тоқталды.
Өңірдегі дуалды оқыту жүйесінің дамуына ерекше назар аударылып отырғанын айтқан Ербол Нұрғалиев, биыл мемлекеттік тапсырыспен жұмысшы кадрларды даярлау көрсеткішін 7 000 адамға жеткізу жоспарланғанын жеткізді. Кейбір өндіріс орындары қажетті мамандардың оқу шығынын өздері өтеп, кейін жұмысқа қабылдауда.
Кездесу барысында Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтардың қоғамдағы маңызын ерекше атап өтті. Бүгінде Өскемен көпсалалы технология колледжінде екі бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында «ҮМЗ» АҚ қызметкерлерінің кәсіподағы мен колледж оқытушыларын қолдайтын облыстық кәсіподақ ұйымы бар. Жалпы 100-ден астам кәсіподақ мүшесі тіркелген.
Айта кетейік, 2 миллионнан астам мүшесі бар Кәсіподақтар федерациясы еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымдардың бірі болып табылады. Оның құрамына 23 салалық кәсіподақ пен 16 мыңнан астам бастауыш ұйым кіреді.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, биыл Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толады. Ұйым еңбекақыны арттыру, оның ішінде ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру бағытында белсенді жұмыс атқаруда. Соңғы төрт жылда ең төменгі жалақы екі есеге өсіп, 85 мың теңгеге жеткен. Алдағы мақсат – бұл көрсеткішті елдегі орташа жалақының кемінде 50 пайызына жеткізу.
Кәсіподақтар еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді.