Өскеменде еңбек нарығына бағытталған форум өтті

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Human Capital-2025» атты жұмыс берушілер форумы ұйымдастырылды. Басқосу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» жөніндегі бастамасына орай өткізілді. Форумның негізгі мақсаты — адами капиталды дамыту, білім сапасын жақсарту және мансаптық бағдар беруді жаңа деңгейге шығару, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Шараға облыстағы кәсіптік білім беру саласының өкілдері, жұмыс берушілер мен сала сарапшылары қатысты. Соның ішінде ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің жетекшісі, өңірлік білім беру басқармасының мамандары мен техникалық және кәсіби оқу орындарының басшылары болды.
Форум барысында қатысушылар білім беру жүйесін еңбек нарығына сай бейімдеу, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру және оқытуды тәжірибеге негіздеу жайында пікір алмасты. С.Аманжолов атындағы университетте бұл бағытта 17 білім беру бағдарламасына дуалды оқыту тәсілі енгізілген. Сонымен қатар, университет жанындағы 25 кафедраның серіктес мекемелерінде студенттер өндірістік тәжірибеден өтуде.
Облыс әкімдігі мен білім басқармасының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Білікті маман» жобасы аясында соңғы жылдары бөлінген 2856 гранттың 1040-ы осы оқу орнының үлесінде. Бұл университеттің кәсіби бағдар берудегі жүйелі жұмысының нәтижесі ретінде бағаланды.
Шара аясында мектеп және колледж басшыларына арналған «Білім берудегі инновацияларды басқару» тақырыбындағы тренинг пен кәсіби шеберлік сағаттары өткізілді. Жиынға түрлі саланың сарапшылары мен кәсіпорын өкілдері қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форум соңында ұзақ мерзімді әріптестік орнатқан мекемелерге «Үздік жұмыс беруші–2025» марапаты табысталды. Марапатталған ұйымдардың қатарында Ұлттық ядролық орталық, облыстық полиция департаменті, бірнеше білім беру мекемелері мен жекеменшік компаниялар бар.