
Мажарстан Парламенті ел Конституциясы бойынша «адам тек ер немесе әйел бола алады» деген түзетуді мақұлдады, деп хабарлайды DW агенттігі.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, депутаттар қолдаған тағы бір заңнамалық өзгеріс прайд-шерулерін (ЛГБТ шерулерін) өткізуге тыйым салуды нығайтуға бағытталған.
Жаңа Конституциялық түзетуде былай делінген: «Мажарстан неке институтын ер мен әйелдің өзара ерікті келісіміне негізделген одақ ретінде қорғайды, сондай-ақ отбасын ұлттың өмір сүруінің негізі ретінде таниды. Отбасы — неке мен ата-ана мен бала арасындағы қатынастарға негізделеді. Адам не ер, не әйел болады. Әке — ер адам, ана — әйел», — деп жазды «Азаттық радиосы» (Radio Svoboda).
Аталған түзетулерді 140 депутат қолдап, 21 депутат қарсы дауыс берген. Бұл — ел Конституциясын өзгертуге қажет үштен екі көпшілікті қамтамасыз етті. Өзгерістерді Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан және оның ФИДЕС партиясы қолдап отыр.
Заңнамаға енгізілген бұл өзгерістерге қарсылық ретінде, Парламент ғимараты маңында оппозиция жақтастары жаппай наразылық шарасын өткізді, деп хабарлады dpa агенттігі.
Акцияны шағын оппозициялық Momentum партиясы ұйымдастырған.
Бұған дейін Мажарстан Халықаралық қылмыстық соттың құрамынан шығатынын ресми түрде мәлімдеген болатын.