БастыСаясат

Астанада Stratcom форумы өтті

Бүгін Астанада Түркия Республикасы Президенті жанындағы Коммуникация басқармасының ұйымдастыруымен «Stratcom Public Forum: Әділеттірек әлем мүмкін» атты халықаралық форум өтті.

Stratcom Public Forum 2025 аясында өткен бұл іс-шара академиктерді, медиа өкілдерін, дипломаттарды, студенттерді және сараптамалық орталықтардың мүшелерін бір алаңда тоғыстырды.

Форумның ашылу салтанатында Түркия Республикасының Астанадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мустафа Капуджу сөз сөйледі. Өз баяндамасында Капуджу мырза қазіргі жаһандық күйзеліс кезеңінде адамзаттың тарихи сынақтан өтіп жатқанын атап өтіп, бұл дағдарыстарды еңсерудің жолы – өзара ынтымақтастық пен бірлік екенін айтты.

Сонымен қатар, Елші БҰҰ-ның ғаламдық мәселелерге жауап беруде баяу әрекет етіп жатқанын сынға алып, көпжақты дипломатия мен халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды. Түркияның бұл бағыттағы барлық бастамаларды қолдауға дайын екенін мәлімдеді. Ол сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Палестина мәселесіне қатысты ұстанымы үлкен үмітсіздік тудырғанын айтып, Солтүстік Кипр Түрік Республикасында 51 жыл бұрынғы бейбітшілік операциясынан бері аралда тұрақтылық орнағанын және әлем қауымдастығының енді СКТР-ді мойындайтын уақыты жеткенін жеткізді.

Форум аясында Түркия Президенті жанындағы Коммуникация басқармасының жетекшісі Фахреттин Алтунның бейнежолдауы іс-шара қатысушыларына көрсетілді

Панельдік сессияда сөз алған сарапшылар мен ғалымдар жаһандық басқарудағы қиындықтар, халықаралық жүйедегі дағдарыстар мен әділетті әрі тұрақты тәртіп орнатуда халықаралық ұйымдардың рөлі жөнінде пікір алмасты.

TuraNews

Back to top button