Кездесу барысында экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту, аймаққа инвестиция тарту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
– Түркия – бізге ең жақын әрі бауырлас ел. Тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған мемлекетттердің бірі. Екі елдің қарым-қатынасы өте жоғары деңгейде және түрік бауырлардың Түркістанға деген құрметі айрықша екенін жақсы білеміз. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Түркістанды дамыту қарқыны күшейе түседі. Осы ретте түркиялық инвесторларды бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта түрлі қолдаулар қарастырылған. Мақсатымыз – өндірісті дамытып, жұмыс орындарын ашу, – деді Нұралхан Көшеров.
Мустафа Капуджу жылы қарсы алып, меймандостық танытқан өңір басшысына алғысын білдірді.
– Түркия мен Қазақстанның байланысы өте тереңде. Мен үшін де Түркістанның орны бөлек. Еліміздің кәсіпкерлерін, инвесторларын осы аймаққа бағыттап жүремін. Туризм саласын дамыту, кәсіпкерлікті жандандыру, екі елдің кәсіпкерлерінің бизнес-форумын өткізуге қолдау көрсетеміз, – деді елші.
Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту басым бағытқа ие. Өңірдің өркендеуіне тың серпін беретін маңызды 145 инвестициялық жоба әзірленген. Өткен жылы жалпы құны 137 млрд. теңге болатын 57 инвестициялық жоба іске қосылып, 2230 жұмыс орны ашылды. 2025 жылы 57 инвестициялық жоба іске асырылып, 7 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.