Креативті индустрия: Шығыста шығармашалық саласы серпін алды
Бүгінде әлемдік экономиканың жаңа бағыты ретінде креативті индустрия ерекше маңызға ие болуда.

Ақпараттық технологиялардың жедел дамуы мен цифрландыру үрдісінің жандануына байланысты шығармашылық пен зияткерлік еңбекке негізделген салалар жаңа тыныс алып, экономиканың драйверіне айналып келеді. Шығыс Қазақстанда да креативті экономиканы өркендетуге бағытталған нақты жобалар мен бастамалар жүзеге асуда, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Креативті индустрия – бұл зияткерлік қызмет нәтижесінде пайда болған тауарлар мен қызметтерді сатуға негізделген сала, мұнда басты тұтастырушы идея – шығармашылық. 2023 жылғы 6 маусымда Үкіметтің №448 Қаулысымен креативті экономикаға жататын 43 қызмет түрінің тізбесі бекітіліп, креативті индустрияны қолдаудың құқықтық негізі қалыптасты.
– Өткен жылы облыстық филармония жанынан креативті индустрияны қолдау бөлімі ашылды. Сонымен қатар Өскемен қаласы әкімдігінің қаулысымен Креативті индустрияны дамыту орталығы құрылды. Креативті индустрияны дамыту мақсатында облыста бірқатар шаралар атқарылуда. Олар – шығармашыл жастарды, креативті индустрия өкілдерін қолдауға және отандық мәдени өнімді халықаралық мәдени кеңістікке шығаруға бағытталған, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Былтыр қазанда Ұлан ауданының Бозанбай ауылындағы Бүркіттөбе алаңында «Шығыс салбурыны» халықаралық фестивалі өтті. Фестивальге Қазақстан, Моңғолия, Мажарстан, Қытай, Қырғызстан және Ресей елдерінен қатысушылар келді. Іс-шараға 5 мыңнан астам қонақ қатысты. Алаңда 20-дан астам киіз үй тігіліп, қонақтар дәстүрлі қазақ өнері көрмелеріне қатысып, сырмақ жасау, кестелеу, ұлттық тағамдар дайындау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты.
Сол жағалау музей-қорық кешенінің аумағында «Шеберлер қалашығы» жұмыс істейді. Мұнда жыл сайын 30-дан астам іс-шара өтеді: көрмелер, қолөнершілер жәрмеңкесі, тренингтер, шеберлік сабақтары.
Креативті индустрия салаларын танымал ету мақсатында жыл сайын «Музейдегі түн» акциясы мен «Шығыс кәдесыйы» атты облыстық қолөнер фестивалі өткізіледі. Бұл шараларға шағын және орта бизнес өкілдері, қолөнершілер мен қолданбалы өнер саласының мамандары қатысады.
Пушкин атындағы облыстық кітапханада «MakerSpace», «IT technologies» және «IT for Junior» атты оқыту бағдарламалары жүзеге асуда. Тыңдаушылар нейрожелілер негізіндегі жасанды интеллектті қолдану, бағдарламалау негіздері, компьютерлік графика мен 3D-баспа, копирайтинг, SMM және мобилография дағдыларын меңгереді.
Өткен жылдың басында «Astana Ballet» сахнасында облыстық симфониялық оркестрдің аншлагпен өткен концерті, композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсы, «Mamma Mia» мюзиклі және Иоганн Штраустың әлемге әйгілі «Жарқанат» опереттасы қойылды. Облыстық драма театры жанынан «Оперетта театры» бөлімі ашылды.
Былтыр қыркүйекте жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған XXX республикалық драма театрлар фестивалі өтті.
Конституция күніне орай Өскеменде облыстық үрмелі оркестрлер фестивалі ұйымдастырылып, оған өңірдегі барлық ұжымдар қатысты.
Өскеменде көркемөнерпаз шығармашылығын дамыту мақсатында Риддер және Тарбағатай халық театрларының гастрольдері өтті.
– 6-7 наурыз күндері «Ғасырлық дәстүрлер» атты республикалық кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер фестивалі өтті. Шараға Қазақстанның 8 облысынан және республикалық екі қаласынан 26 шебер қатысты. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. 9 наурызда Пушкин атындағы кітапханада Ақтан Нұрбаев атындағы Ақындар мектебі ашылды. Бұл – дарынды жастар үшін айтыс өнеріне қызығушылықты арттырып, шеберліктерін шыңдайтын бірегей алаң. Мектеп ашылған соң жазушы Қалихан Ысқақовтың 90 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысқа еліміздің әр өңірінен 12 ақын қатысты. Жеңімпаздар мен қатысушыларға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды, – дейді Ербол Нұрғалиев.
14 наурызда облыстық филармония ғимаратында «Shygys Creative Hub» креативті индустрия форумы өтті. Бұл – аймақтағы креаторларды қолдап, біріктіруге бағытталған маңызды оқиға. Форум Шығыс Қазақстанның шығармашылық экономикасы мен мәдениетінің дамуына үлкен серпін берді. Форумға Алматы, Астана және Петербордан келген жетекші сарапшылар мен спикерлер қатысты. Олар креативті индустриядағы жұмыс тәжірибесімен және сәтті жобаларымен бөлісті. Форум бағдарламасы аясында пікір таластыруға, кәсіби байланыстар орнатуға, идея алмасуға және серіктестік орнатуға мол мүмкіндік берілді.
Жастарды IT дағдыларын дамытуға, инновациялық шешімдер жасауға және осы салада кадрлар даярлауға тарту мақсатында былтыр «Өркен» ШҚО аймақтық ғылыми-әдістемелік цифрландыру және білім беруді дамыту орталығы облыстық «ŞYĞYS ÖRKENİ» IT-хакатонын, «Skills for geeks» IT-чемпионатын, «Jastar Time 2024» үздік IT жобалар көрмесін өткізді.
Жас техниктер станциясы жанында 18 үйірме жұмыс істейді, соның ішінде 9-ы – IT бағытында. Олар – «3D модельдеу», «Бағдарламалау», «Роботты техника». Бұл үйірмелер жоғары оқу орындары студенттері үшін кіріспе курс ретінде, сондай-ақ С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері үшін дуальды оқыту мен тәжірибеден өту алаңы ретінде қызмет етеді. Жас техниктер стансасының тәрбиеленушілері түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындар алуда.
Шығыс Қазақстан техникалық университеті де креативті индустрияларды дамытуда белсенді. Университет білім беру бағдарламаларын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және практикалық даярлықты үйлестіре отырып, «Математикалық және компьютерлік модельдеу», «Ақпараттық жүйелер», «Жасанды интеллект» және басқа да бағыттар бойынша IT-мамандар даярлауда. Университет инфрақұрылымында Құзыреттілік орталықтары, FabLab, коворкинг-аймақтар бар, бұл IT-кәсіпкерлер мен жас әзірлеушілерге арналған ортаны қалыптастырады. Студенттер мен оқытушылар Smart City, АСУ, VR/AR және өндіріс салалары үшін цифрлық шешімдер әзірлеуде. Жобалар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын цифрландыру мен виртуалды модельдеуге де бағытталған.