БастыҚоғам

Түркия «Чанаккале жеңісінің» 110 жылдығын атап өтуде

Түркия тарихында маңызды орын алатын «Чанаккале жеңісіне» 110 жыл толды

18 наурыз Түркия үшін ерекше күн болып табылады. Бұл күні бауырлас елде Чанаккале жеңісі тойланып, Отан үшін жанын берген ерлер еске алынады. Мереке ел көлемінде кеңінен атап өтіледі, деп хабарлайды TuraNews.kz.


Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ыстанбұлды басып алуды мақсат еткен Антанта одақтастарына қарсы шайқаста 400 мыңға жуық түрік әскерінің қатысуымен 250 мың адам қаза тапты. Әскери-теңіз шайқастары нәтижесіз болғаннан кейін, 1915 жылдың 18 наурызында британдық және француздық сарбаздар шегінуге мәжбүр болды. Осы жеңістен кейін Анадолыда ұлт-азаттық күрес жалғасты, нәтижесінде 1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік басшылығымен Түркия Республикасы құрылды.

Түрік әскерінің ерлігі халықтың рухын көтерді. Оның айқын мысалы ретінде түрік әскерінің аты аңызға айналған жауынгері Сейіт Әли Чабук, немесе Сейіт Әли Онбашы туралы айтуға болады.

Қатардағы жауынгер Сейіт Онбашы Румели Меджидие фортында артиллерияда қызмет еткен. Ұрыс кезінде снарядты ату механизмінің бұзылуына байланысты Сейіт жалғыз өзі 215 кг снарядты көтеріп алып, зеңбірекке орналастырған.

Қазақ ақыны Құрал Көмек өз поэмасында «Сенім жеңісі» деп аталатын шығармасында осы батырдың ерлігін дәріптеген.

«Қалса -дағы
Сиреп сарбаз қатары,
Жүректерде
Жанып жатты от әлі.
Шегінбеді, берілмеді ешкім де,
Олар үшін жалғыз тірек Отаны.
Осындайда
Тағдыр сынар алыпты,
Жеңе алмас
Дұшпан қайсар халықты.
Мұқалмастан мұңаймастан Сейіт тұр,
Зеңбіректің жалғыз оғы қалыпты.
Жалғыз Алла
Жар болды да қолдады,
Отан үшін
Бойда қуат толғаны.
Еңкейді де
Ерен күшпен көтерді,
215 кг бомбаны».

Түрік халқы жыл сайын «Чанаккале жеңісін» үлкен құрметпен еске алады.

TuraNews

Back to top button