БастыСаясатЭкономика

Қазақстан Сыртқы істер министрі Жапонияға ресми сапары аясында бірқатар кездесулер өткізді

17 наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Жапонияға ресми сапары барысында Жапония Министрлер кабинетінің Бас хатшысы Ёшимаса Хаяши, Экономика, сауда және индустрия министрі Йоджи Муто, сондай-ақ Қазақстанмен достық жөніндегі Жапония парламенттік лигасының төрағасы Тошиаки Эндомен кездесулер өткізді.

Ё.Хаяшимен өткен келіссөздер барысында екіжақты саяси және экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерінің кең ауқымы талқыланды. Көлік және логистика, энергетика және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Сонымен қатар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша пікір алмасу өтті.

«Жапония – уақыт сынынан өткен сенімді досымыз әрі стратегиялық серіктесіміз. Қазақстан Жапониямен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға бейілді, бұл екі елдің ұлттық мүдделеріне толық сай келеді», – деп атап өтті Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы.

Й.Мутомен өткен келіссөздер Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларына арналды. М.Нұртілеу инвестициялық және ғылыми-техникалық өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ декарбонизация саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру бойынша елеулі әлеуеттің бар екенін атап өтті.

Тараптар сирек кездесетін металдар, көлік және логистика, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту салаларындағы өзара ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық танытты. Осы тұрғыда Қазақстан мен Жапонияның Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық және жеке секторлар арасындағы бірлескен комиссиясының үйлестіруші рөлінің маңыздылығы аталып өтіп, оның кезекті отырысын биыл Астанада өткізу ұсынылды.

Т.Эндомен және Қазақстанмен достық жөніндегі Жапония парламенттік лигасының мүшелерімен кездесу барысында екіжақты парламентаралық өзара іс-қимылдың негізгі аспектілері талқыланды. Атап айтқанда, заң шығару органдарының сауда-экономикалық байланыстар мен мәдени-гуманитарлық жобаларды дамытуға жәрдемдесуі мәселелері қарастырылды.

Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы екі ел арасындағы сенімді диалог деңгейінің жоғары деңгейін атап өтіп, стратегиялық серіктестікті нығайтуға белсенді қолдау көрсеткені үшін жапон тарапына алғысын білдірді.

Тараптар цифрландыру, жасанды интеллект, жасыл экономика және басқа да инновациялық бағыттардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге деген ортақ ұмтылыстарын растады.

TuraNews

Back to top button