
Бұл күн бізден бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Иран, Түркия, Еуропадағы Албания, Македония және алыстағы Үндістанда айрықша мәнге ие, деп хабарлайды 24kz.
Сондай-ақ жергілікті деңгейде Татарстан, Башқұртстан, Қытай және тіпті Жапонияда да аталып өтеді. 2010 жылдан бастап Наурыз Грузияда ұлттық мереке болып жарияланған.
Парсылар наурызды 13 күн тойлайды Наурыз мейрамының шыққан жері – ежелгі Иран. Бұл елде жаңа жыл наурыздың 21-інен басталады. Парсылар Наурыздың келуін жаңа жылмен байланыстырады. Жарты әлем Аяз атаны 31 желтоқсанда күтсе, ирандықтар Әму Навруз бен оның көмекшісі Қажы Фирузды асыға күтеді. Әму Наврузды қазақшаласақ – Наурыз аға. Бәріміз жақсы білетін Аяз атаға ұқсайды. Төгілген ақ сақалды, сиқырлы таяғы, белбеуі және өрнекпен көмкерілген киіз қалпағы бар. Оның мерекедегі міндеті – бір қап сыйлығын таратып, балаларды шаттыққа бөлеу. Жалпы ирандықтар Наурызда үйде отырмайды, туған-туысын аралап, әрқайсысына тарту-таралғы жасайды. Ал сыйлық тек ақша түрінде беріледі. Тіпті бұл үрдістің ресми атауы айди деп аталады. Үлкендер жастарға алтын және күміс тиындар береді. Сондай-ақ ата-аналар балаларына жаңа аяқ киім, киім-кешек сатып алады. Бұл жаңарудың, тазарудың символдық мәнін білдіреді.
Наурызда ұлттық ойындардың мәні артады Өзбекстанда Наурыздағы іс-шаралар әдетте ұлттық сипатта өтеді. Ала топылы ағайын Купкари сынды дала додалары мен түрлі балуандар бәсекесіне белсенді қатысады. Айыр қалпақты ағайында да бұл үрдіс жақсы сақталған. Түркі тілдес ұлттардың тамыры бір. Мәселен, біз қыз қуу дейміз, қырғыздар кыз кумаай. Біз көкпар десек, олар көкбөрі дейді. Атауларында сәл-пәл айырмашылық болса да, ойын тәртібі бірдей. Түркілерге тән ұлттық ойындарды кез келген уақытта өткізуге болады. Алайда тарихтан сыр шертетін осы ұлттық ойындар жер-аяғы кеңігенде мәні арта түседі. Әлемдегі Наурыз мейрамы келбеті осындай.