БастыЭкономика

«Ашық Қазақстан 500+» көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді

Елімізге білікті кадрлардың тартуға бағытталған тұжырымдама мақұлданды.

Бүгін ҚР Үкіметі отырысында «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұжырымдама көші-қон процестерін барынша тиімді реттеу үшін әзірленді. Құжатта демографиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени басымдықтардың барлығы ескертілген. Қазақстан экономикасына жоғары білікті мамандарды, инвестиция, озық технологияларды тарту үшін тұжырымдама жобасында визалардың жаңа түрлерін енгізу көзделіп отыр. Ондай визалар жетекші ғалымдарға, оқытушыларға, шығармашылық және біздің нарықта аса қажет мамандық иелеріне беріледі», — деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Оның атап өтуінше, әлеуетті инвесторларға қойылатын талаптар да қайта қаралады. Ірі инвесторларға 10 жыл мерзімге тұруға рұқсаты бар инвесторлық виза беріледі.

«Сондай-ақ, азаматтарды еңбек күші жетпейтін өңірлерге көшіп баруын ынталандыру да тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл ретте көшіп барғандарды баспанамен, әлеуметтік инфрақұрылыммен және жұмыспен қамтамасыз ету алдын-ала пысықталады», — деді ол.

Үкімет басшысы тағы бір маңызды мәселе – ол шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау екендігіне назар аудартты.

«Отандастарымызға заңгерлік және консультациялық көмек көрсетіледі. Ол үшін қазақстандықтар жиі барып, жұмыс істейтін елдермен екіжақты келісімдер жасалады. Қай елде еңбек етсе де, біз өз азаматтарымызды қорғай алуымыз керек», — деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, тұжырымдамада «бір терезе» қағидаты бойынша мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген.

«Ол мигранттарды цифрлық сәйкестендіруге, қажет болған жағдайда олардың жүріп-тұруын бақылауға мүмкіндік береді. Жалпы тұжырымдамада ұсынылған іс-шаралар елдің көші-қон саясатын жақсартуға және осы салада оң нәтижеге жетуге мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.

TuraNews

Back to top button