
Қырғызстанның мемлекеттік хатшысы Сүйінбек Қасмамбетов барлық азаматты мереке күнімен құттықтады. Оның айтуынша, әр халықтың ұлттық киімі — оның мәдениеті мен тарихын бейнелейтін таңғажайып көрініс.
— Ақ қалпақтан бастап біздің ұлттық киіміміз де халқымыздың тарихымен тығыз байланысып, бүгінгі күнге дейін мәдени мұраның маңызды элементі ретінде сақталып қалды, әрі тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды, — деді С.Қасмамбетов.
Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы атап өткендей, басты міндет — ата-баба мұрасын, тілі мен дәстүрлерін кейінгі ұрпаққа аманаттау.
— Бүгін біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз және тез дамып келе жатқан технологиялар аясында тарихымызды да, мәдени мұрамызды да ұмытып кетуге немесе жоғалтуға әкеп соғатын қиындықтарға тап боламыз. Тұрақты өзгерістерге толы әлемде біздің басты міндетіміз — ата-бабаларымыздың мұрасын, тілі мен дәстүрлерін балаларымызға аманат ету екенін есте ұстауымыз керек, — деп атап өтті ол.
Айта кетейік, ақ қалпақ күні 2011 жылы бекітіліп, жыл сайын 5 наурызда аталып өтеді. 2019 жылы ақ қалпақ ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілді.