
Осы аралықта түркітілдес мемлекеттер арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, әлемге таныту мақсатында түркітілдес мемлекеттер өнерпаздарының қатысуымен көптеген мәдени іс-шара ұйымдастырылады, деп жазады Kazinform агенттігі.
Маңғыстау облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Салидің айтуынша, қызу дайындық жұмыстары басталған.
Іс-шаралар кестесі жарияланды. Оған сәйкес, Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы – 2025» шарасының ашылу салтанаты 5 сәуір күні Ақтау қаласында өтеді. Іс-шара ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі және Ақтау қаласының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады.
7-9 сәуір күндері «Түркі ырғағында би» халықаралық би байқауы, 29-мамырда «Түркі халықтарының өркениеті және оның әлемдік мәдениет тарихындағы орны» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді деп жоспарланған.
Одан әрі «Түркі әлемінің тотемі» халықаралық конференциясы, «Қырымның қырық батыры» жырына арналған түркі эпостарының шеру-фестивалі, «Каспий –достық теңізі» вокалды — инструменталды ансамбльдерінің фестивалі мен Түркі елдерінің фольклорлық ансамбльдері және аспапта орындаушыларының фестивалі болады.
Ал 15 маусымда Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Маңғыстау мақамдары» Түркі әлемі сазгерлерінің фестивалі өтеді.
XXVI «ТҮРКСОЙ опера күндері» түркі елдерінің опера жұлдыздарының фестивалі, «MODEL CUP» модельдер байқауы, «Даламен үндес – баба өнер» Түркі әлемі қолөнер шеберлерінің фестивалі және VIII «Түркі әлемі этно-мода сән көрсетілімі» жоспарланған.
«АҚ МАЯ FEST» шұбат фестивалі, «Жұмбақ бояулар» халықаралық суретшілер мен мүсіншілер симпозиумы және XXV «ТҮРКСОЙ суретшілерінің мәжілісі», Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында жас ақындар арасындағы «Түркі шайырлары» І халықаралық поэзия фестивалі болады.
8-9 тамыз күндері С.Қондыбай шығармашылығына арналған ІV халықаралық ғылыми-теориялық конференция, С.Қондыбай шығармашылығы бойынша анимациялық фильмдердің халықаралық фестивалі ұйымдастырылмақ.
«Өнерлі өрен» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі, «Мейірімді түркі әлемі» Халықаралық мүмкіндігі шектеулі балалардың өнер фестивалі сияқты балаларға арналған іс-шаралар, фото суретшілер фестивалі, кино және театр фестивальдері өтеді.
Ал,13-14 қараша күндері XXXXII «ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымына мүше елдері мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесінің отырысы» мен «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы — 2025» шарасының жабылу салтанаты жоспарланған.