БастыЭкономика

Қырғызстан энергетика министрлігі халықты электр қуатын үнемдеуге шақырды

Қырғызстанда энергетика саласындағы ескірген жабдықтарды қайта жаңғырту жұмыстары басталып, үкімет ел азаматтарын электр энергиясын үнемдеуге шақырды.

Қырғызстан Республикасы Энергетика министрлігінің мәліметінше, 20 ақпанда Тоқтағұл су электр станциясының гидроагрегаттарының бірін қайта құру басталып, оның қуаты 300 МВт-қа қысқарған. 10 наурызда Үш-Қорған су электр станциясының бір гидроагрегаты да қайта құруға беріледі, қуаты 45 МВт төмендейді. Жұмысты 2025 жылдың желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланған.

– Ведомство барлық абоненттерден таңғы сағат 7:00-ден 9:00-ге дейін және кешкі сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін электр энергиясын үнемдеуді сұрайды. Электр қуаты ең белсенді пайдаланылатын уақытта жүйе шамадан тыс жүктелуі мүмкін, сондықтан осы кезеңдерде барлық электр жабдықтарын өшіру электр қуатының шектен тыс жоғарылауын болдырмайды. Энергетиктер тоқтаусыз электр қуатымен қамтамасыз ету және істен шыққан гидроагрегаттардың қуатын толықтыру қажеттілігін ескере отырып, халықты баламалы электр энергиясын алдын ала пайдалануға шақырады,- делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2023 жылдың 1 тамызынан 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қырғызстанның энергетика саласында төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. 2024 жылдың желтоқсан айының басында Қырғызстан электр қуатының тапшылығына тап болды.

Энергетика саласындағы қаржы тапшылығын азайту үшін Қырғызстан Республикасының Энергетика министрлігі 2030 жылға дейін жыл сайын электр энергиясының құнын 20 пайызға көтеруді ұсынып отыр.

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button