БастыТуризм

Шығыс Қазақстан облысындағы туризм: өсім, инвестициялар және бизнеске қолда

Шығыс Қазақстан облысы – табиғаты ерекше, тарихи ескерткіштерге бай, зор туристік әлеуеті бар нағыз інжу-маржан өлке.

Қарлы шыңдардан бастап көркем көлдер мен қалың ормандарға дейінгі әртүрлі табиғи аймақтар туризмнің сан алуан түрлерін дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Туризм саласы өңір экономикасын әртараптандыруда маңызды рөл атқара алады, шағын және орта бизнестің дамуын қамтамасыз етіп, инфрақұрылымды жақсартып, инвестиция тартуға ықпал етеді, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасын әртараптандырудың маңыздылығына назар аударды. Бұл елдің мұнай мен газ өндіру сияқты шикізаттық салаларға тәуелділігін азайтып, экономиканың басқа секторларын дамыту қажеттігін білдіреді.

Экономиканы әртараптандыру ауыл шаруашылығы, жоғары қосылған құны бар өнімдерді өндіру, ақпараттық технологиялар, қаржы саласы, сондай-ақ инфрақұрылым мен туризмді қамтиды. Бұл – ел экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету және шикізат бағасының құбылмалылығына тәуелділікті төмендету үшін маңызды қадам. Агроөнеркәсіптік кешен мен ауылдық туризм өңірлік экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналуы мүмкін.

Табиғи-климаттық жағдайларды ескере отырып, туризм экономиканы әртараптандырудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Шығыс Қазақстанда Бухтарма су қоймасы мен көлдер бойындағы жағажай туризмі, Риддер қаласы мен Глубокое ауданындағы тау шаңғысы туризмі, сондай-ақ ауыл, тарихи, аңшылық және балық аулау туризмі дамып келеді.

2024 жылы Қазақстан бұл салада айтарлықтай өсімге қол жеткізді. Бұған мемлекет пен жеке инвесторлардың бірлескен күш-жігері себеп болды. Шығыс Қазақстан облысы экологиялық және ауылдық туризмнің маңызды орталығына айналып, ауылдық өңірлердің экономикалық дамуына ықпал етуде.

Алдын ала есеп бойынша, 2024 жылы өңірге 410 мың турист келді, оның ішінде 390 мыңы – ішкі, 20 мыңы – шетелдік туристер (2023 жылы 351 мың ішкі және 18 мың шетелдік турист келген). 9 ай ішінде орналастыру қызметтерінің көлемі 6,3 млрд теңгені құрады, ал қонақ үй қоры 300-ден астам орынға артты. 2029 жылға қарай туристер ағыны 650 мың адамға жетеді деп күтілуде.

2024 жылы облыстың туризм саласына 15,0 млрд теңге инвестиция тартылды. «Приморск» демалыс базасының құрылысы аяқталды, «Заречье» эко-қонақ үйі кеңейтілді, сондай-ақ «Алтай Альпі» тау-шаңғы кешені аумағында қонақ үй салынды. Бұған қоса, Риддер қаласындағы «Ridder Resort Hotel» (2,0 млрд теңге) және «BearLog» (1,8 млрд теңге) люкс қонақ үйлерін ауқымды қайта құру басталды.

Өңірде экотуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Табиғи қорықтар мен ұлттық парктердің алуан түрлі өсімдіктері мен жануарлары әлем туристерін тартады. Кең байтақ табиғи аймақтар мен әртүрлі климаттық белдеулер экотуризмді бағалайтындар үшін ерекше жағдай жасайды. Инвестициялық серіктестерді таңдауда табиғатты сақтау мен жайлы демалыс арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын экологиялық жобаларға басымдық беріледі.

Ауылдық туризм де белсенді дамуда. Зимовье және Коробиха елді мекендерінде табиғат аясында жайлы демалыс ұсынатын қонақ үйлер салынды. Зимовье демалыс базасы биік шыршалардың арасында орналасқан, ал Коробихада ашылған «Орман алқабы» демалыс базасы туристерді ыңғайлы жағдайлармен және табиғат аясында демалу мүмкіндігімен тартады. Бұл бағыт ауылдық аумақтардың әлеуетін пайдалануға және жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына ықпал етеді.

ШҚО-да үздік туристік-рекреациялық аймақтарды құруға байқау өткізіледі. Байқау қоры – 1 млрд теңге, ол жол құрылысына, электр желілерін тартуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. Сонымен қатар, туристерді тарту мақсатында «Шығыс Салбұрыны», «Аяз Ата, Ақшақар» және «Алтай Фест» сияқты Event іс-шаралар өткізіледі.

2024 жылы Бухтарма су қоймасы арқылы Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ұзын көпір (1316 метр) салынды. Бұл көпір жеті шекаралас аудан арасында жыл бойы қауіпсіз көлік қатынасын қамтамасыз етіп, Қытай мен Ресей арасындағы тікелей көлік байланысын ашады. Сонымен қатар, Президенттің Катонқарағай ауданында және Зайсан қаласында әуежайлар салу туралы шешімі өңірдің дамуына жаңа серпін берді.

Марқакөл көлі маңында жаңа туристік аймақ құру және Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығында 10 жаңа туристік маршрут ұйымдастыру жоспарлануда. 2025–2027 жылдары қонақ үйлер, демалыс базалары, емдеу-сауықтыру және экологиялық туризм нысандарын салуға тағы 22,7 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған. Ең ауқымды жобалардың бірі – Катонқарағай ауылында жыл бойы 90 турист қабылдай алатын «Wellness Resort» санаторлық-сауықтыру кешенін құру.

ШҚО-дағы туризм саласында 27,3 мың жұмыс орны бар, оның 17,2 мыңы – орналастыру және тамақтандыру қызметтерінде, ал 10 мыңы – өнер, ойын-сауық және демалысты ұйымдастыру саласында.

Мемлекеттік қолдау туризмді дамытуда маңызды рөл атқарады. 2022 жылдан бастап санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстау шығындарын субсидиялау, инфрақұрылым нысандарын салу және жаңғырту шығындарының 10%-ын өтеу, сондай-ақ туроператорлар үшін көлік құралдарын сатып алу құнының 25%-ын өтеу шаралары енгізілді. 2024 жылы ЖШС«Мұзтау и К», ЖШС «ТОПҚАЙЫН», ЖШС «Заречье Эко-Лэнд» және Мусин ЖК сияқты компаниялар өз шығындарының орнын толтырды, бұл қолдау жүйесінің тиімділігін дәлелдейді.

— “Алдағы жылдары туристік инфрақұрылымды кеңейту, қызмет сапасын жақсарту және өңірді халықаралық туристер үшін тартымды ету қажет. Мемлекеттік қолдау мен бизнестің белсенді қатысуының арқасында Шығыс Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші туристік бағыттардың біріне айналу мүмкіндігіне ие,” – деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев.

Болашақта Шығыс Қазақстан облысы әлемдік туристік аренадағы өз позициясын одан әрі нығайтуды көздейді.

TuraNews

Back to top button