
Қатысушылар түркі елдерінің ортақ тарихы туралы бірлескен академиялық еңбекті жарыққа шығару мәселесін талқылады. Бұл бастама былтыр 6 қарашада Қырғызстанда өткен ТМҰ XI саммитінде көтерілген болатын. Сол уақытта жобаны іске асыру Түркі академиясына жүктелді, деп жазады Kazinform агенттігі.
Отырыста сөз алған академия басшысы Шаин Мустафаев ортақ еңбекті сапалы әзірлеу керектігін айтты.
— Бір елдің тарихын жазып шығудың өзі оңай шаруа емес. Біздің міндетіміз — бауырлас халықтар мен мемлекеттердің ортақ тарихын жазу, — деді Шаин Мустафаев.
Ол атап өткендей, әзірленетін еңбек баршаға түсінікті стильде жазылуы тиіс. Өйткені, оны алдағы уақытта студенттер мен жас зерттеушілер өздерінің ғылыми жұмыстарына арқау етеді.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Түркі елдерінің тарихы туралы бірлескен академиялық еңбек жазу жөнінде хаттамаға қол қойды.