Саясат

Тәжікстан президенті ел әскеріне жасанды интеллектті қолдануды тапсырды

Тәжікстан Қарулы күштерінің құрылғанына 32 жыл толуына орай Душанбеде әскери шеру өтті.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон сала мамандарын мерекемен құттықтап, бүгінде болып жатқан түрлі шиленістер кезеңінде әскерге босаңсуға болмайтынын атап өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

— Экстремистік және террористік ұйымдардың белсенділігі мен заңсыз есірткі айналымы, ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеті басты қауіп болып қала береді. Сондықтан әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ерекше жауапкершілік жүктеледі, — деді Э. Рахмон.

Тәжікстан басшысы кадрлардың біліктілігін арттыруға аса мән берудің маңызына тоқталып, әскерге заманауи технологияларды енгізуді тапсырды.

— Офицерлер мен сарбаздардың кәсіби шеберлігін арттыру қажет. Мұнымен бірге, әскер заманауи технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектті игеріп, тиісінше оны қолдануға басымдық беруі керек, — деп тоқталды Тәжікстан президенті.

Еске салайық, Қырғызстан Тәжікстан және Өзбекстанмен шекарадағы бақылауды күшейтпек.

TuraNews

Back to top button