БастыСаясат

Сенаторлар фитосанитариялық қауіпсіздік жөніндегі заңды мақұлдады

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Қазақстан мен Түркия арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы заңды қарады. Сондай-ақ өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады. Келісім фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және екі мемлекеттің аумағында карантиндік зиянды организмдердің әкелінуі мен таралуын болдырмау үшін жасалған. Құжатты ратификациялау тараптар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.

«Қаралған келісім Қазақстан мен Түркия арасында өсiмдiктер карантині саласындағы бірлескен іс-шараларды регламенттейтін құқықтық негіз қалыптастырады. Осы мақсатпен келісім аясында фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және карантиндік зиянды организмдердің таралуын болдырмауға бағытталған нақты ережелер қарастырылды. Жалпы, мақұлданған заң мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Депутаттар атап өткендей, Келісімде бірқатар міндеттемелер белгіленді. Ең алдымен, елдер құқықтық актілермен, карантиндік зиянды организмдердің ұлттық тізімімен және карантин мен өсімдіктерді қорғауға қатысты басқа ережелермен алмасуы керек. Міндеттемелердің тағы бірі мемлекеттердің фитосанитариялық жағдай, карантиндік зиянды организмдерді анықтау, тарату жағдайлары, сондай-ақ, олармен күресу және бақылау тәсілдері туралы өзара хабардар етуін көздейді.

Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытады.

Отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Ғалиасқар Сарыбаев креативті индустрияны дамытуға қатысты бірқатар бастама көтерді. Сенатордың айтуынша, бұл саланың әлеуеті бүгінде толық пайдаланылмай отыр.

Наурызбай Байқадамов Қызылорда облысынан Өзбекстан шекарасына дейін автомобиль жолын салу қажет екенін айтты. Депутат мұндай қадам елдің логистикалық және туристік әлеуетін нығайтуға ықпал ететінін, сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Геннадий Шиповских бала асырап алу процесіндегі әкімшілік кедергілерге және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау жүйесіндегі тиімділіктің жеткіліксіз екеніне назар аударды. Сенат депутаты мәселені оңтайлы шешу үшін қорғаншылық және патронаттық тәрбие жүйесін жетілдіруді, патронат тәрбиешілерге қаржылық қолдауды арттыруды ұсынды.

Сұлтан Дүйсембинов қой шаруашылығы саласындағы негізгі проблемаларды, оның ішінде өнімді өңдеу мен экспорттау жүйесіндегі олқылықтарға және сала мамандарының әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелерді көтерді. Осыған байланысты депутат ғылыми-зерттеу институтының қызметін жандандыру және инновациялық технологияларды енгізу арқылы оның жұмысын күшейту жөніндегі шараларға тоқталып өтті.

 

Source
Сенаттың Баспасөз қызметі

TuraNews

Back to top button