БастыСаясат

Түркияда Ердоған мен Зеленский кездесті

18 ақпанда Анкарада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөздер жүргізді.

Anadolu агенттігінің хабарлауынша, кездесу басталар алдында Ердоған украиналық әріптесін Президенттік кешеннің кіреберісінде қарсы алды. Мемлекет басшылары Түркия мен Украина туларының алдында естелік суретке түсіп, одан кейін баспасөзге жабық форматта келіссөздер өткізді.

Келіссөздерге Түркия тарапынан сыртқы істер министрі Хакан Фидан, ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гюлер, Президент әкімшілігінің байланыс басқармасының басшысы Фахреттин Алтун және президенттің сыртқы саясат пен қауіпсіздік жөніндегі бас кеңесшісі Акиф Чагатай Кылыч қатысты.

Кездесуден кейін мемлекет басшылары делегация мүшелерімен бірге ресми кешкі асқа қатысты. Сонымен қатар екі ел арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою рәсімі өтті.

Алдымен, Түркияның ұлттық білім министрі Юсуф Текин мен Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига білім саласындағы әріптестік туралы келісімге қол қойды. Бұдан кейін Түркия Президенттік әкімшілігінің байланыс басқармасы мен Украина Мәдениет және стратегиялық коммуникациялар министрлігі арасында БАҚ және коммуникациялар саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумы рәсімделді.

Кездесу соңында Ердоған мен Зеленский бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

 

 

 

 

TuraNews

Back to top button