ШҚО-да 3,5 мың бос жұмыс орны бар: қандай мамандықтар сұранысқа ие?
Өскемен қаласының Мансап орталығында 25-тен астам жұмыс берушінің қатысуымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
![](https://turanews.kz/wp-content/uploads/2025/02/whatsapp-gorsel-225-2-11-saat-14.1.11_96c553bf-780x470.jpg)
Бұл шараға 180-нен астам жұмыс іздеуші келіп, кәсіпорындар мен мекеме өкілдерімен бетпе-бет сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Олар ұсынылып отырған жұмыс орындары, жалақы мөлшері және қойылатын талаптар туралы толық ақпарат алды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Жәрмеңке үш бағытта ұйымдастырылды:
- «Мансап компасы» – білім беру бағдарламалары мен сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беру.
- «Бос жұмыс орындары» – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің тікелей байланысы.
- «Субсидияланатын жұмыс орындары» – мемлекет тарапынан қолдау шаралары туралы кеңес беру.
Іс-шара «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, кадр даярлау сапасын жақсарту және жұмыс берушілермен әріптестікті нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Осындай жәрмеңкелер бүгін облыстың барлық аудандары мен қалаларында өтті.
Облыста 3,5 мың бос жұмыс орны бар
Бүгінде ШҚО-да еңбек биржасында 3,5 мың бос жұмыс орны тіркелген. Соның ішінде Өскемендегі кәсіпорындар мен ұйымдарға 1 700-ден астам маман қажет. Ал облыстың мансап орталықтарында 17 мың адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген.
Жәрмеңкеге келген жастар мен жоғары сынып оқушылары «Мансап компасы» жүйесімен танысып, қазіргі еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алды.
Мемлекет тарапынан қандай қолдау бар?
Жәрмеңке барысында азаматтар мен жұмыс берушілер субсидияланатын жұмыс орындары туралы кеңес алды. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру және арнайы жұмыс орындарын ашқан кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар туралы ақпарат ұсынылды.
– Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында облыстың барлық аудандары мен қалаларында осындай жәрмеңкелер өтуде. Бұл шараға өңірдегі ірі кәсіпорындар қатысып отыр. «Мансап компасы» жүйесі болашақ мамандарға қай салада қандай жұмысшы қажет, оның жалақысы қандай және қай қалада бұл мамандықты меңгеруге болатыны туралы нақты ақпарат береді. Сонымен қатар, жұмыс берушілер субсидияланатын жұмыс орындары бойынша мемлекеттен қандай қолдау ала алатынын білуде.
Биыл Зайсан мен Катонқарағай аудандарында екі үлкен әуежайдың құрылысы басталады. Келген студенттер бұл нысандарға қандай мамандар қажет екенін және сол жерде жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін білгісі келетінін айтып, қызығушылық танытуда, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова.