![](https://turanews.kz/wp-content/uploads/2025/02/67a5caf3d71d225396299-780x470.jpg)
Көрме Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Түркі дүниесі қорының бастамасымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Шараға Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының мүше елдерінің делегация басшылары, мәдениет министрлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып, олардың қатарында Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Әділ Керимли, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев болды. Көрменің ашылуында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова сөз сөйледі.
Түркі жазуы мен мәдениетінің терең тарихи мұрасын паш еткен көрмеде «Диуани лұғат-ат-түрк» еңбегінің түпнұсқаға барынша жақын көшірмесі, оның түрік және қырғыз тілдеріндегі аудармалары, Махмұд Қашқаридің портреті, сондай-ақ еңбектен алынған таңдаулы сөздер мен нақылдар ұсынылған.
Сонымен қатар, көрмеде XI ғасырдағы тұрмыс пен дәстүрді бейнелейтін ерлер мен әйелдердің киім үлгілерін таашалауға болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіндегі көрме келушілерге түркі жазуы мен мәдениетінің баға жетпес мұрасымен танысуға мүмкіндік береді.