Дархан Қыдырәлінің «Тасқа жазылған тарих» атты кітабының тұсаукесері өтті
6 Ақпанда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйымдастыруымен және Түркі Академиясының қолдауымен академик Дархан Қыдырәлінің «Тасқа жазылған тарих» атты кітабының әзербайжан, түрік және қырғыз тілдеріндегі басылымдарының, сонымен қатар орыс тілінде жарық көрген «Тюркский мир: через призму истории» атты еңбегінің, түрік тілінде шыққан «Kod adı Türkistan: Mustafa Çokay» деректі-ғұмырнамалық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
![](https://turanews.kz/wp-content/uploads/2025/02/12__7v1updqslalwqwrfr3hx41ukp5mbluaawzczsx-780x470.jpg)
Кітап тұсаукесеріне Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Әзербайжан Республикасының мәдениет министрі Адил Каримли, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Аслан Койчиев, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Азия кеңесінің бас хатшысы Қайрат Сарыбай, Қырғызстан, Мажарстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан Республикаларының Төтенше және өкілетті елшілері, ҚР Президенті Әкімшілігінің, Сыртқы істер министрлігінің, Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, TURKSOY халықаралық ұйымының өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірқатар депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиында кіріспе сөзімен ашқан Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова академик Дархан Қуандықұлының түркі дүниесіне ортақ бай мұраны зерттеп-зерделеу, сақтау істеріне және бауырластық байланыстарды нығайтуға қосқан зор үлесіне тоқталды.
Сонымен бірге басқосуда сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Әзербайжан Республикасының мәдениет министрі Адил Каримли, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Аслан Койчиев, Азия кеңесінің бас хатшысы Қайрат Сарыбай, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының Қазақстандағы кеңесшісі, академик Кәрімбек Құрманалиев, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоғлу, белгілі баспагер Шыңғыс Мұқан оқырманға жол тартқан жаңа кітаптар туралы орамды ойларын ортаға салып, пайымды пікірлерімен бөлісті.
Түркі мәдениеті және мұрасы қоры жарыққа шығарған академик Д.Қыдырәлінің «Daşa yazılan tariх» (әзербайжан тілінде) кітабына автордың байырғы баһадүр бабалар тарихының тереңінен сыр тартатын, жалпы түркологиядағы алуан тақырыпты арқау еткен ғылыми және ғылыми-танымдық мақалалары топтастырылған.
Осы кітаптың қырғыз тіліндегі басылымы саналатын «Ташка жазылган тарых» кітабы да түбір бір түркі жұртының тарихын қазіргі заман тұрғысынан зерделеп, тұғырлы тұлғаларымызды жан-жақты тани түсуге жол ашатын, ғылыми жаңалығы мол еңбек. Айта кету керек, бұл басылым Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Тарих ғылымын дамыту комиссиясының шешімімен басылып шыққан алғашқы кітап.
Сонымен қатар, еңбектің Түркі Академиясы және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен «Büyük Bozkır: Taşlara Yazılan Tarih» деген атпен жарық көрген түрік тіліндегі нұсқасы да киелі Ергенеқон, Өтүкен жерлерінен тамыр тартатын ашина дәуірінен бастап, Алтын Орда заманына дейінгі ортақ тарихымызды қамтыған бай мазмұнымен ерекшеленеді.
Бұған қоса, оқырман назарына «Мазмұндама» баспасы шығарып ұсынып отырған «Тюркский мир: через призму истории» атты кітабы орыс тілді оқырманға түркі тарихы мен тұлғалары туралы таным-түсініктерін айқындай түсуіне мүмкіндік беретінімен маңызды.
Академик Д.Қыдырәлінің аталған жиында таныстырылған «Kod adı Türkistan: Mustafa Çokay» атты деректі ғұмырбаяндық кітабы бұған дейін де бірнеше тілде жарық көріп, оқырман тарапынан өз бағасын алған туынды. Бұл жолы түрік оқырмандардың сұранысымен Анкарадағы «Bengü» баспасынан қайта басылып шығып отыр.