
Келіссөздер барысында Өзбекстан экономикасын су-климат дағдарысына бейімдеуге және жаһандық экономиканың жасыл трансформациясына бағытталған жобаның келешегі талқыланды. Бастаманы 2025-2026 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр, деп жазады Kazinform агенттігі.
Ресей тарапы Өзбекстан экономикасының өзгермелі су-климат жағдайларына орта және ұзақ мерзімді бейімделуінің іргелі стратегияларын әзірлеуге бағытталған бірлескен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруды ұсынды. Практикалық ұсыныстарды дайындау Өзбекстанның су-климат проблемаларын экономикалық және саяси талдау орталықтарының құзыретін күшейтіп қана қоймай, екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытуға маңызды қадам болатыны баса айтылды.
Министр бұл жоба Орталық Азия аймағындағы ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы, сондай-ақ білім мен технология алмасу үшін ірі алаң бола алатынын атап өтті. Осыған орай, жұмыс тобын құру және су ресурстарын басқару саласындағы мамандармен өзара іс-қимыл жасау үшін Орталық Азиялық қоршаған орта мен климаттың өзгеруін зерттеу университетіне («Green University») оқу сапарын ұйымдастыруға да назар аударылды.
Зерттеу нәтижелері бойынша «Өзбекстан экономикасын 2050 жылға қарай өзгермелі су-климат жағдайларына бейімдеу стратегиясын» әзірлеу жоспарлануда. Сондай-ақ тараптар 2025 жылы өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін «Қоршаған ортаны қорғау және жасыл экономика жылы» аясында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және тұрақты консультациялар өткізуді қоса алғанда, ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.