Қоғам

ШҚО-да жаңа заңнама талаптарына сәйкес алғашқы мопедтер тіркелді

ШҚО-да алғашқы мопедтер тіркеуден өтті. Олардың бірі апта басында ресімделсе, тағы екеуін Өскемен тұрғыны есепке қойған. Барлық мопед иелеріне тіркеу куәлігі мен мемлекеттік нөмірлік белгілер берілген.

Бұл туралы ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Игорь Клишин Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.

Ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілетін болғандықтан, бұл белгілі бір ережелерді сақтауды талап етеді.

Аталған өзгеріс, әсіресе көлік құралдарын пайдаланушы азаматтар үшін маңызды жаңалық болып отыр.

— Енді аталған көлік құралдарын пайдалану үшін келесі шарттарды орындау қажет: полицияда мемлекеттік тіркеуден өту, A, A1 немесе B санатындағы жүргізуші куәлігіне ие болу, техникалық байқаудан өту, сондай-ақ азаматтық-құқықтық жауапкершілік сақтандыру полисіне ие болу, – деп атап өтті ШҚ ПД процестік орталығының бастығы, полиция подполковнигі Алмазбек Жайшибеков.

Мопедтерді тіркеу Өскемен қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) жүргізілуде. Көлік құралын тіркеу үшін жеке куәліктің болуы, техникалық паспорт немесе көлік құралының сипаттамалары көрсетілген құжаттардың болуы, өтініш толтыру, мопедті тексеруден өткізу, мемлекеттік баж салығын төлеу қажет.

Жаңа заңнамалық өзгерістер күшіне енгеннен кейін, тіркелмеген мопедті басқару және жүргізуші куәлігісіз жүру қатаң тыйым салынатын болады. Полиция өкілдері азаматтарға алдын ала тіркеуден өту және қажет болған жағдайда автомектептерде оқып шығуды ұсынады. Көлік құралын ресми тіркеу процесі тек айыппұлдардан қорғап қана қоймай, жаңа мотомаусымның қауіпсіз басталуына кепілдік береді.

TuraNews

Back to top button