Мәдениет

Сәдуақас Ғылмани және Дала ғұламалары

Дәл осындай атаумен («Saduaqas Ghilmani and the Great Steppe Scholars») ғылыми жинақ өткен жылдың соңында Түркияның Ыстанбұл қаласында жарық көрді.

Шығарушы ұйым – IRCICA, OIC (Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Тарих, мәдениет және өнерді зерттеу орталығы). Осы еңбектің даярлануын, шығуын үйлестірген ғалым – тарих ғылымдарының докторы, аталған орталық пен Еуразия ұлттық университетінің жетекші профессоры, танымал дінтанушы Әшірбек Муминов, деп жазады Egemen Qazaqstan.

Түркі дүниесіне ортақ жинақтың шығу тарихы мынандай. 2019 жылы (пандемияның алдын­да) Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінде Қазақстанның көрнекті дін тұл­ғасы, ақын, ұстаз, сөздік жа­сау­шы Садуақас қажы Ғыл­мани­дың (1890–1972) өмірі мен шығар­машылығына арналған жоғары деңгейдегі халықаралық ғылыми конференция өтті. Оны IRCICA осы оқу орнымен бірлесіп өткіз­ді. Іс-шараға Ыстанбұлдағы орта­лықтың бас директоры профессор Халит Эреннің келуі де – ірі оқиға. Жиынның ең мәнді сәті – оған Сәкен қалпенің (С.Ғыл­мани) 95 жастағы перзенті, әке мұрасын жинап, насихаттаушы марқұм Үкіжан (Мүмина) Сәдуа­қасқызының қатысып, сөз сөйлеуі еді. «Замананың небір қиындығынан мені сақтаған – әкемнің діни, адамшылық өнегесі» деп еді сонда кеудесі көмбе ел анасы.

Түркияда шыққан жи­наққа әлемнің, соның ішінде Қазақстанның 102 ғалымының мақаласы енген. Бірінші бөлімде Қазақстан мен шетел кітапханаларында, мұражайларында, мұра­ғат­та­рында, жеке коллекцияларда сақталған Сәдуақас Ғылмани мұрасы талданып зерттелінсе, екінші бөлімде орта ғасыр мен жаңа кезеңдегі Ұлы да­ланың ислам дініне қатысты түрлі саладағы ізденістері байыпталған. Үшінші тараудың нысанасы – діни қилы қызметтер, оқиғалар, фактілер, тұлғалар болмыс-бітімі, сұхбаттастығы, ықпалдастығы, сабақтастығы, т.б.

2024 жылғы ғылманитану жинағындағы отандық ға­лым­дардан Ә.Муминов, Д.Қамза­бекұлы, С.Негимов, К.Тиыш­хан, Т.Замзаева, С.Төлеубаева, Ш.Керім, М.Алпысбес, И.Бер­­далиев, Р.Қамарова, т.б. мақа­ла­лары тың деректерге толы.

Тақырып орайында айта кетейік, бұл – IRCICA-ның Сәдуақас Ғылмани тақырыбына екінші рет оралуы. Бұған дейін аталған орталық профессор Әшірбек Муминовтің жетекшілігімен «Saduaqas Ghilmani. Biographies of the Islamic Scholars of Our Times. Volume I–II» (IRCICA: Istanbul, 2018) fnns әр томы 36 баспа табақтан асатын мұрасын жарыққа шығарған еді. Бұл еңбекті Қазақстан дінтануының үлкен олжасы деп білеміз.

Сәдуақас Ғылмани кітаптары мен ол туралы зерттеулерді Түр­кия әлеуеті арқылы әлемге наси­хаттау жұмысы жалғасын таппақ.

TuraNews

Back to top button