Экономика

Шығыс Қазақстан көлік дәліздерінің орталығына айналуы мүмкін

Шығыс Қазақстан облысының транзиттік әлеуетін дамыту – аймақтың экономикалық әл-ауқатына тікелей әсер ететін стратегиялық маңызды міндет. 

ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтің айтуынша, облыстың бірегей географиялық орналасуы – негізгі көлік дәліздерінің тоғысында орналасуы транзиттік мүмкіндіктерді арттыру, инфрақұрылымды дамыту және инвестиция тарту үшін зор артықшылықтар береді. 

Негізгі транзиттік ағындар «Майқапшағай» және «Үлбі» өткізу пункттері арқылы өтеді, олар Алматы – Өскемен – Шемонаиха – Ресей шекарасы және Омбы – Қалбатау – Майқапшағай бағыттарымен байланысқан. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің ашылуы Қытай – Қазақстан – Ресей бағыты бойынша балама көлік дәлізін құрып, көршілес елдермен байланыстарды нығайтуға ықпал етуде.

Нұржан Жұмаділовтің айтуынша, көршілес елдердің автотасымалдаушыларын тарту үшін Шемонаиха қаласындағы Үлбі өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар транзиттік бағыттар бойындағы негізгі автожолдардың бойында жанармай бекеттері, кемпингтер, тамақтану орындары және автокөлік жөндеу орталықтары сияқты жол бойы қызмет көрсету орындары салынып жатыр. Бұл автотасымалдаушыларға логистиканы жеңілдетіп қана қоймай, туризмді дамытуға да ықпал етеді.

«Eurotransit Terminal» ЖШС «Майқапшағай» өткізу пунктінде жылына 180 мың тонна жүкке есептелген уақытша сақтау қоймасын салуда. Құрылысты 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл нысанның пайдалануға берілуі кедендік құжаттарды рәсімдеу, тексеру және жүктерді қытайлық көліктен қазақстандық көлікке ауыстыру процесін жеделдетеді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Катонқарағай мен Зайсанның туристік әлеуетін дамыту үшін екі әуежай құрылысы жүргізілуде. Олар 2026 жылы іске қосылады. Алғашқы кезеңде ұзындығы 2200 метр және ені 35 метр ұшу-қону жолақтары салынады, олар Q400, ATR 42/72 және CRJ200 ұшақтарына арналған. Кейін бұл жолақтардың ұзындығы 2600 метрге, ені 45 метрге дейін кеңейтіледі, бұл Airbus A320 және Boeing 737 сияқты ірі ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Нұржан Жұмаділов.

Жергілікті әуе желілерінің желісі өңір үшін маңызды стратегиялық және әлеуметтік рөл атқарады. Өскемен әуежайының ұшу-қону жолағын жаңарту Мәскеу мен Новосібірге халықаралық рейстерді қалпына келтіруге мүмкіндік берді.

Ішкі су көлігінің әлеуетін нығайту үшін трансшекаралық Ертіс өзені базасында Қытай мен Ресей арасында Солтүстік Мұзды мұхитқа шығатын мультимодальды транзиттік дәліз құру жобасы қарастырылуда. 2027 жылға қарай Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында өзен порты мен ұзындығы 99 шақырымды құрайтын Тұғыл – Майқапшағай теміржол желісі салынады. Сондай-ақ Қытаймен шекарадағы Майқапшағай – Жеменей төртінші шекаралық теміржол өткелін құру жоспарланып отыр.

Нұржан Жұмаділов транзиттік әлеуетті дамыту мәселелері тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Мультимодальды көлік дәліздерін құру, инфрақұрылымды жақсарту және заманауи технологияларды енгізу шекаралас елдермен экономикалық байланыстарды нығайтуға, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етпек.

TuraNews

Back to top button