БастыТехнология

Түркия алғашқы спутнигін орбитаға сәтті шығарды

Transporter-12 миссиясы аясында SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыраны Fergani Space FGN-100-d1 түрік компаниясының алғашқы жер серігін орбитаға сәтті шығарды.

Ұшыру операциясы АҚШ-тағы Ванденберг әуе күштерінің базасында өтті және SpaceX компаниясының аккаунттарында тікелей эфирден көрсетілді.

Transporter-12 миссиясы кезінде Falcon 9 зымыраны ғарышқа 131 пайдалы жүкті ұшырды. Олардың арасында кубосаттар, микроспутниктер және орбиталық көліктер бар. FGN-100-d1 спутнигінен басқа ғарыштық технологияларды белсенді дамытатын тағы бір түрік компаниясы Plan-S спутниктері де орбитаға шығарылды.

Fergani Space спутнигіне арналған сутегінің асқын тотығы негізіндегі ғарыш қозғалтқышының сынақтары өткен жылдың мамыр айында сәтті аяқталып, бұл миссияға дайындықтың негізгі кезеңдерінің бірі болды.

Fergani Space-тің негізін қалаушы, Baykar директорлар кеңесінің төрағасы Сельчук Байрактар Түркияның бірінші жер серігін орбитаға сәтті шығарғанын айтты.

— Біз 2022 жылы іске қосқан Fergani Space кәсіпорны 106 адамнан тұратын үлкен отбасы ретінде дамуын жалғастырып келеді. Бүгінде бірінші түрік жер серігін орбитаға шығардық. Біздің спутниктер позициялау және байланыс мақсатында төмен орбиталық шоқжұлдыз ретінде қызмет етеді. Бұл жобаны өз күшімізбен жүзеге асырдық. Осы кезде біздің жер серігіміз қажетті биіктікке жетіп, алғашқы маневрлерін аяқтады, — деді Сельчук Байрактар.

Мамандардың пікірінше, FGN-100-d1 спутнигі Fergani Space компаниясының ғарыштық технологиялар мен навигациялық жүйелерді дамыту жөніндегі жаһандық миссиясындағы алғашқы қадамы болды. Бұл ғарыш жобасының сәтті жүзеге асуы Түркияның ғарышты игерудегі рөлінің артып келе жатқанын және оның ұлттық спутниктік инфрақұрылымды құру амбицияларын танытып отыр.

 

TuraNews

Back to top button