Ердоған қайтадан президент сайлауына түсуі мүмкін екенін білдірді
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған алдағы президенттік сайлауға қатысуы мүмкін екенін айтты.
Түркияның Шанлыурфа провинциясында өткен «Әділет және даму» партиясының 8-ші съезінде сөз сөйлегеннен кейін, танымал түрік әртісі әрі әнші Ибрахим Татлысес Ердоғанға президенттікке қайта үміткер болу туралы сұрақ қойды.
Ердоған бұл сұраққа күлімдеп: «Егер сен қолдасаң, мен де дайынмын», – деп жауап беріп, жиналғандардың қызу қолдауына ие болды.
Әзірге Түркия президенті өз саяси жоспарлары туралы ресми мәлімдеме жасамағанымен, бұл сөздері елде үлкен пікірталас туғызды.
Ердоғанның бас кеңесшісі Мехмет Үчумның айтуынша, егер парламент 2027 жылдың екінші жартысында кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдаса, Ердоғанның қайта сайлану мүмкіндігі заңды тұрғыда жүзеге асуы ықтимал. Бұл жағдайда заңнама талаптарына толық сәйкестік қамтамасыз етіледі.