Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке Маңғыстау облысында Әзербайжанның әуе жолдары ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері мен жолаушылардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Орны толмас ауыр қайғыға ортақтаса отырып, Сізге, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына және барша Әзербайжан халқына көңіл айтамын. Менің тапсырмаммен Қазақстан Үкіметі мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия құтқару операциясы аясында тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына қажетті көмек көрсетеді, – делінген жеделхатта.
Еске сала кетсек, Баку- Грозный J2-8243 нөмірлі рейсін орындаған Embraer 190 ұшағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде апатты жағдайда қонды.
Оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жеке құрамының 52 адамы мен 11 бірлік техникасы барды.
Апатқа ұшыраған ұшақ бортында Қазақстанның 6 азаматы болды.
ҚР Көлік министрлігі мәлім еткендей, Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша, бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.