ШҚО-да заңсыз пиротехникаға рейд жүргізілуде
Шығыс Қазақстан облысында Полиция департаменті мен ТЖД құтқарушылары бірлесіп, сертификатталмаған пиротехника саудасына қарсы 340-қа жуық рейд өткізді.
Алдын алу іс-шаралары аясында пиротехниканы сатуға арналған лицензиялардың бар-жоғы тексеріледі. Рейдтік топтар 194 дана контрафактілік өнімді тәркілеп, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 196-бабы бойынша 21 хаттама толтырды.
«Пиротехникалық бұйымдардың бөлшек саудасы өнімнің сақталуын қамтамасыз ететін, тікелей күн сәулесі мен атмосфералық жауын-шашыннан қорғайтын дүкендерде, павильондарда және киоскілерде сатылуы керек. Сондай-ақ, ғимараттардың орналасуы эвакуация жолдарын бөгемеуі және бастапқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс», – деді ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, облыста лицензиясы бар 4 заңды тұлға тіркелген: олардың екеуі Өскемен қаласында, екеуі Алтай қаласында орналасқан.
Лицензиясы жоқ тұлғаларға және контейнерлерден тыс, ашық сөрелерден, көліктерден, шатырлардан, қолмен немесе өткелдерде пиротехникалық бұйымдарды сатуға қатаң тыйым салынады.
ШҚО ТЖД пиротехника сатып алуда келесі жайттарға назар аударуға кеңес береді:
- Өнімнің сертификатталғанын және пиротехниканы пайдалану ережелерімен танысыңыз.
- Сақтау және пайдалану мерзімін тексеріңіз: егер өнім мерзімі өтіп кетсе, оны қолдануға болмайды.
- Қаптамасы бүтін болуы қажет.
Пиротехника қолдану ережелері:
- Фейерверкті ғимараттар мен пәтерлерде іске қосуға болмайды.
- Автотұрақтар мен құрылыстар маңында ракетницадан атпаңыз.
- Іске қосу радиусы 50 метрде өрт қаупі бар объектілер болмауы тиіс.
- Балаларға петарда қолдануға қатаң тыйым салынады.