Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы $3,8 млрд асты
Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды.
Қаңтар-қараша аралығында елдің сыртқы сауда айналымы 59,4 млрд долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 3,6%-ға өсті, деп жазады Kazinform агенттігі.
Өзбекстан Статистика агенттігінің ақпаратына сай, бүгінгі таңда көршілес мемлекет әлемнің 195 елімен сауда-саттық жасайды.
11 айдың қорытындысы бойынша елдің басты сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемелекет арасындағы тауар айналымы 11,2 млрд доллардан (жалпы көлемнің 19%) асты.
Одан кейінгі орында сауда-саттықтың 18% үлесі тиесілі Ресей тұр. Бұл елмен арадағы импорт-экспорт көлемі 10,6 млрд доллар болды.
Сонымен қатар, көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндеді. Біздің ел мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 3,8 млрд доллардан (жалпы көлемнің 6,5%) асты.
Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан Қазақстанға 1,3 млрд доллардың тауарын экспорттап, 2,5 млрд доллардан астам сомаға тауар импорттаған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу процесі аяқталуға жақын.
Еске салайық, келер жылы Өзбекстан $43 млрд инвестицияны игеруді жоспарлап отыр.
Бұған дейін Өзбекстан Сенаты елдің 2025 жылға арналған бюджетін мақұлдаған болатын. Оған сай, шоғырландырылған бюджет кірісі 431 трлн сум (шамамен $33,4 млрд), шығыстар 480,5 трлн сум ($37,3 млрд) шамасында жоспарланған.