ТехнологияТуризмЭкономика

Өзбекстанда әуе, теміржол және автобус билеттерін бір жүйеден сатып алуға болады

Өзбекстанда туризм саласын цифрландыру аясында саяхатшылар үшін аса ыңғайлы әрі қолжетімді Ұлттық туризм бірыңғай онлайн платформасы құрылуда.

Бұл жаңа жүйе саяхаттауды жеңілдетіп, туризм саласының дамуына тың серпін бермек, деп хабарлайды ӨзА.

Платформаның негізгі мақсаты – барлық туристік қызметтерді бір терезе қағидаты бойынша ұсыну. Осының арқасында саяхатшылар әуе, теміржол және автобус билеттерін еш қиындықсыз, бір жүйе арқылы онлайн сатып ала алады. Сондай-ақ, қонақүйлерді брондау, гид, аудармашы және экскурсия жетекшілері қызметін пайдалану, транспорт құралдарын жалға алу сияқты қосымша мүмкіндіктер қарастырылған.

Министрлер Кабинетінің қаулысына сәйкес, жүйенің жұмысқа қосылу мерзімі екі кезеңнен тұрады:

  • 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап платформа сынақ режимінде іске қосылады;
  • 2025 жылдың 1 желтоқсанынан бастап жүйе толыққанды жұмыс істей бастайды.

Бұл платформа инновациялық шешімдер мен цифрлық технологияларды пайдалана отырып, туризм саласының барлық қажеттіліктерін бір алаңға біріктіреді.

Платформада ақпарат 14 шет тіліне аударылады, бұл оны шетелдік туристер үшін де барынша қолжетімді етеді. Өзбекстанға келген қонақтар барлық қызметті онлайн түрде, өздеріне ыңғайлы тілде пайдалана алады.

Транспорт жүйелерімен толық интеграция – платформаның маңызды артықшылықтарының бірі. Жүйе «Uztrans», «Өзбекстан темір жолдары», «Uzbekistan Airways» және жолаушылар тасымалымен айналысатын басқа да ұйымдардың электронды билет сату жүйелеріне қосылады. Осылайша, саяхатшылар үшін кез келген бағыттағы билеттерді оңай табу және сатып алу мүмкіндігі жасалады.

Платформаның туристік салаға тигізетін пайдасы:

  • Туристер үшін қызмет көрсету сапасы артады;
  • Көрікті орындарға, мұражайлар мен мәдени нысандарға бару қолжетімді болады;
  • Ел ішіндегі көлік қатынасы жеңілдейді;
  • Шетелдік туристердің Өзбекстанға келуі үшін қолайлы жағдай жасалады.

Сонымен қатар, бұл платформа туризм саласындағы статистикалық деректерді нақты уақыт режимінде жинап, талдауға мүмкіндік береді. Жүйе арқылы туристердің сұраныстары мен қозғалысын қадағалап, саладағы үрдістерді зерттеуге болады. Бұл өз кезегінде туризм инфрақұрылымын дамыту және қызмет сапасын жақсарту үшін маңызды ақпарат көзіне айналады.

«Жаңа платформаның іске қосылуы Өзбекстанды әлемдік туристік нарықтағы бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосып, туризм саласының әлеуетін одан әрі арттыруға жол ашады. Елге келетін туристер үшін қолайлы жағдай жасап, олардың сапалы қызмет алуына кепілдік береді», — деп делінген агенттік мәлімдемесінде.

 

TuraNews

Back to top button