Абай атындағы опера және балет театрының әртістері Жошы ханның үшінші әйелі Хан Сұлтанның образы арқылы Алтын Орданың құрылу кезеңіндегі тарихи оқиғаларды ерекше жеткізді. Ататүрік мәдени орталығында ине шаншар орын болмады, деп хабарлайды Qazaqstan Tv.
Сахнаның безендірілуі. Музыка. Костюм. Бұл операда барлығы ерекше. Көрермендер опера емес құдды бір көркем фильм көріп отырғандай әсерде қалды. Содан да болар түркиялық талғампаз көрермен қойылым бойы дүркін-дүркін ду қол шапалақтап өнерпаздарға ризашылығын білдіріп отырды.
Опера композиторы Хамит Шанғалиевтің айтуынша, бұл туындыны классикалық опералардан өзгешелеп тұрған – қазақы нақышта болуы және музыкасын жазғанда жасанды интеллектінің қолданылуы.
«Бірінші ерекшелігі бұл қазақи опера. Еуропадан, Брусиловский, Мұқан Төлебаевтан ерекшелігі бұл жерде мен қолданған әдісім — қазақи мелодияларды жеңіл түрде операға қостым. Қарапайым халық тыңдағанда қазақи үнді операдан естісе екен деген сияқты. Либреттоның структруасын түзетіп, маған көмектескен сол искуственный интеллект. Заманауи әдістермен жасалған опера», — деп айтты ол.