БастыСаясатЭкономика

Қазақстан мен Мажарстан ынтымақтастық көкжиектерін кеңейтуге ниетті

Будапештте «Қазақстан – Мажарстан: сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа үрдістері» атты «дөңгелек үстел» өтті.

2024 жылғы 12 желтоқсанда Будапешт қаласында «Қазақстан – Мажарстан: сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа үрдістері» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігінің баспасөз қызметі.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен бірлесіп, «HEPA» (Мажарстанның экспортты ілгерілету жөніндегі агенттігі) және Мажарстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының қолдауымен ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге Қазақстан мен Мажарстанның мемлекеттік органдарының өкілдері, жетекші компаниялар және сарапшылар қатарынан 70-тен астам қатысушы жиналды.

Бұл дөңгелек үстел Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 19-20 қарашада Мажарстанға жасаған мемлекеттік сапарынан кейінгі оң динамиканың заңды жалғасы болды. Аталған сапар шеңберінде Мемлекет басшысы Мажарстанның ірі компанияларының басшыларымен кездесу өткізді, бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадамға айналды.

«Біздің елдеріміз мықты экономикалық және мәдени байланыстармен тығыз байланысты. Бүгінгі іс-шара өзара ынтымақтастықты нығайту, жаңа инвестициялық жобаларды құру және стратегиялық серіктестікті дамыту жолындағы шешуші қадам болды», — деп атап өтті Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы.

Дөңгелек үстел барысында инфрақұрылым мен логистиканы дамыту, агроөнеркәсіптік кешендегі бірлескен жобалар, ядролық энергетика, цифрлық трансформация және білім беру саласындағы мүмкіндіктер сияқты маңызды мәселелер талқыланды.

Қазақстанмен белсенді ынтымақтасып келе жатқан мажар компаниялар – «MOL Group», «UBM Group», «L.A.C. Holding», «Elitmag», «Alfaseed», «MVM Group» және «I-Cell» – энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы және цифрлық технологиялар салаларындағы табысты жобаларды жүзеге асыруда.

«Қазақстан Орталық Азиядағы ең белсенді және құнды серіктестеріміздің біріне айналды. Біздің табысты ынтымақтастығымыздың негізінде екі негізгі фактор жатыр: өткенге деген өзара құрмет және болашаққа деген ортақ ұмтылыс. Қазақстан инновацияларда, тұрақты дамуда және қаржы технологияларында үлкен жетістіктерге жетіп, біздің әріптестіктің сенімді іргетасын қалыптастыруда», — деп атап өтті Мажарстан Ұлттық банкінің басқарушы орынбасары Кандрач Чаба.

 

«Қазақстанмен ынтымақтастық мажарлық кәсіпкерлер үшін бірегей мүмкіндіктер ашады. Біз бірлескен жобаларды дамытуға және елдеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға өз үлесімізді қосуға қуаныштымыз», — деді «HEPA» бас директоры Габор Йенеи.

 

«Қазақстанмен бірге жүзеге асырылып жатқан логистика мен инфрақұрылым саласындағы жобалар сауда байланыстарын нығайтып қана қоймай, елдеріміз арасындағы жаңа көлік маршруттарын дамытуға ықпал етеді», — деп атап өтті «L.A.C. Holding» президенті Ласло Хорват.

Көптеген компаниялар Қазақстандағы өз қатысуын кеңейтуге және бірлескен жобаларға инновациялық технологияларды енгізуге дайын екенін білдірді.

«Қазақстан агроөнеркәсіп кешеніндегі стратегиялық серіктес. Елдің ресурстары мен үкімет қолдауы Қазақстанды инвестиция салу үшін бірегей орынға айналдыруда», — деп атап өтті «UBM Group» бас директоры Петер Хорват.

 

«Агроөнеркәсіп секторы тек бизнес қана емес, бұл азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Қазақстан өзін Орталық Азиядағы агро-хаб ретінде көрсетті, және алдағы 5-7 жылда бұл рөлінің одан әрі нығаятынын көреміз», — деді «Elitmag» бас директоры Андраш Шандорфи.

Іс-шараның модераторы ретінде «Mandiner» басылымының сыртқы саяси шолушысы Матяш Кохан қатысты. Оның кәсіби шеберлігі талқылауды құрылымдап, ынтымақтастықтың негізгі аспектілеріне назар аударуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, Мажарстанның Халықаралық қатынастар институтының сарапшысы Ласло Ваша пікірталасқа қатысып, екіжақты серіктестіктің болашағына қатысты аналитикалық көзқарасын ортаға салды.

Дөңгелек үстел Қазақстан мен Мажарстанның әріптестік қарым-қатынастарын тереңдетуге деген өзара қызығушылығын растап, экономикалық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашты.

TuraNews

Back to top button