Денсаулық

Шығыс Қазақстан облысында қатерлі ісікті ерте анықтайтын эндоскопиялық диагностика орталығы ашылды

Шығыс Қазақстан көпсалалы онкология және хирургия орталығында халықаралық стандарттарға сай жабдықталған эндоскопиялық диагностика орталығы өз жұмысын бастады.

Ашылу салтанатына облыс әкімі Ермек Көшербаев пен еліміздің штаттан тыс бас онкологы, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова қатысты, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Жаңа орталықта жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды пайдаланып, эндоскопиялық тексерулер мен шағын инвазивті оталарды жүргізуге мүмкіндік бар. Бұл қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, аурудың асқынуын тоқтатады. Сонымен қатар науқастарға седация кезінде қауіпсіз әрі ыңғайлы процедуралар ұсынылмақ.

Жаңа орталықтың ашылуы онкологиялық ауруларға қатысты көптеген мәселені шешуге септігін тигізеді. Ерте диагностика маңызды рөл ойнайды. Соның арқасында науқас өз уақытын, дәрі-дәрмек пен қаражатын үнемдей алады. Аурудың алдын алуға да назар аудару керек. Ота бөлмесінде онколог дәрігерлер күн сайын науқастардың өмірі үшін күресіп, ең күрделі операцияларды жасайды. Облысымызда онкологиялық аурулардың алдын алуға және емдеуге мүмкіндік беретін осындай орталықтың барына қуаныштымыз, — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.

Өңір басшысы ем алушыларға мейірім көрсетіп, қамқорлық танытатын медицина қызметкерлерінің де жұмысын ерекше атап өтті.

Мекемеде жұмыс істейтін мамандардың барлығы бізді жылы шыраймен қарсы алды, бұл да емдеудің маңызды бөлігі саналады. Науқастар мұнда өте жақсы тамақтандыратынын жеткізді. Облыстағы барлық ауруханалар осындай деңгейде қызмет көрсетсе екен деймін. Басқа да медициналық мекемелерді осы дәрежеге көтеру үшін жұмыс істейтін боламыз, — деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

Сондай-ақ биыл облыстағы шалғай аудандардың халқы скринингтен өтті. Маралды және Катонқарағай ауданында тұратын әйелдер алғашқылардың бірі болып тексерілді. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарына осындай бағдарламалар туралы ақпарат таратып, өз денсаулығына қамқорлық танытудың маңызын түсіндіру керек деді.

TuraNews

Back to top button