Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде айтылған, деп жазады Kazinform.
Құжатта Сирияда Башар Асад режимі құлағаннан кейін елде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіру және азаматтық қақтығысты тоқтату қажет екені анық көрсетілген. Әзербайжан тағы да Сирияның аумақтық тұтастығы мен егемендігін қолдайтынын білдіріп, мәселені Сирия халқының еркіне сай, сондай-ақ ел ішіндегі саяси диалог арқылы шешуге үміттенеді.
— Әзербайжан Республикасы бауырлас Түркия Республикасымен және басқа да пікірлестермен бірге Сирия халқы тап болған гуманитарлық проблемаларды жеңуге үлес қосуға дайын, — делінген хабарламада.
Әзербайжан 2020 жылы басталған Әзербайжан азаматтарын Түркия арқылы Сириядан елге қайтару процесін жалғастырады.
— Әзербайжан Сириядағы жағдай тұрақталғаннан кейін елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынас қалпына келтіріліп, өзара достық пен серіктестік негізінде ынтымақтастық дамиды деп үміттенеді, — делінген құжатта.
Әзербайжан ақпарат құралдарының хабарлауынша, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған желтоқсанның 10-ы күні телефон арқылы сөйлесіп, Сириядағы Башар Асад режимі құлағаннан кейінгі қазіргі жағдайды талқылады.
Сириядағы жағдай мен оның болашағы халықаралық аренада маңызды тақырып болып қала береді. Түркия Башар Асад Ресейге кеткеннен кейін Сирия үкіметіндегі маңызды орындарды кім иелене алатынын талқылап жатыр.