Kazinform агенттігінің хабарлауынша, егер заң жобасы қабылданса, дипломатиялық орган қызметкерлеріне келесідей тыйымдар салынады:
— саяси партияларға мүше болуға және саяси партиялар мен діни ұйымдардың қызметіне қатысуға;
— қосымша ақы төленетін сайланбалы немесе тағайындалатын лауазымдарда жұмыс істеуге (еңбек заңнамасында көзделген уақытша жұмыс ауыстыру жағдайларын қоспағанда);
— өздері қызмет ететін дипломатиялық орган басшысының рұқсатынсыз оқытушылық қызметпен айналысуға;
— мемлекеттік мекеменің немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының мәселелері бойынша үшінші тұлғалардың өкілі болуға;
— шетел азаматтығын алуға немесе шет мемлекетте уақытша немесе тұрақты тұруға құқық беретін құжатқа (ресми қызметпен байланысты тіркеуді (аккредиттеуді) қоспағанда) өтініш беруге;
— шет мемлекеттің, халықаралық немесе өзге де шетелдік ұйымдардың қаражаты есебінен іссапарға шығу және іс-шараларға қатысуға тыйым салынады.
Сонымен қатар тұрақты дипломатиялық қызметке алғаш рет тағайындалған азаматтар үшін міндетті ант қабылдау рәсімі өткізілмек.
Диломатиялық органның 65 жасқа толған қызметкерлерінің қызмет ету мерзімі бес жылға дейін, бір реттен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Сондай-ақ дипломаттарға шетелдіктермен некеге тұратындығы туралы алдын ала хабарлау талап етіледі.
Заң жобасын ұсынғандардың айтуынша, «Дипломатиялық қызмет туралы» заңның жаңа редакциясы Әзербайжанның сыртқы саяси қызметінің тиімділігін арттыруға және халықаралық аренада оның ұлттық мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған.