Министрліктің мәліметінше, соңғы күндері ел аумағына суық ауа массасының енуі энергия ресурстарына сұраныстың едәуір артуына әкелген. Қазіргі таңда халықтың табиғи газға күнделікті сұранысы өткен аптамен салыстырғанда 20 пайызға, ал электр энергиясына сұраныс 15 пайызға өскен.
Соның салдарынан республика газ тасымалдау жүйесінің нысандары толық қуатында жұмыс істеуде. Жерасты газ сақтау қоймаларынан күнделікті максималды газ өндіру мен желіге жеткізудің жоспарлы көрсеткіштеріне қарамастан, құбырлардағы газ қысымының төмендеуі байқалып отыр.
«Ең басты міндетіміз — халық шаңырағы мен әлеуметтік сала нысандарын (медицина, мектеп, балабақша, жоғары оқу орындары және т.б.) табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету екенін ескере отырып, жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып әзірленген жоспар-кестеге сәйкес, кейбір өңірлердегі автокөліктерге газ толтыру компрессорлық станцияларының (газ құю станциялары) жұмысына уақытша шектеу енгізу жоспарлануда», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, облыстар мен аудандар әкімдіктері бұл туралы ресми ақпарат көздерінде үнемі хабарлап отырады.