Шығыс Қазақстанда 7000-ға жуық адам қаржылық сауаттылығын арттырды
Кейінгі жылдары елімізде қарызға белшесінен батып, алған несиесін төлей алмай жүрген жандар саны күрт өсті, олардың ішінде әсіресе, жастар көп. Бұған қаржылық сауаттылықтың төмендігі тікелей әсер етіп отыр. Осы орайда қоғамда «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы азаматтарды өз қаржысын тиімді басқаруға және шығындарын оңтайландыруға үйретудің маңызы айырықша.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күрделі мәселенің бірі – халықтың қарызға батуы, несие туралы айтқан болатын.
«Мен азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын. Себебі бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым.Негізінен, бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Екінші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек»,- деді Президент.
Мемлекет басшысы сол үшін нақты шаралар қолға алынып жатқанына тоқталды.
— Мысалы, соңғы жылдары банктер мен микрокредит ұйымдарына қойылатын тұтыну несиесі капиталының көлеміне қатысты талаптар бес есе күшейтілді. Төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі бар адамдарға несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ қарызын уақтылы өтей алмаған борышкерге 90 күннен әрі айыппұл салуға болмайды. Коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізіледі. Борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер әзірленді. Бұл өзгерістер банктерге, микрокредит ұйымдарына және коллектор агенттіктеріне талапты одан да күшейте түседі. Несиелерді коллектор компанияларына сатуды шектеу ұсынылады. Коллектор компаниялары қарызды өзіне алған соң мәселені реттеп көруге міндетті болады. Банк омбудсменінің өкілеттігі де кеңейтіледі. Қазір бұл құжатты Мәжіліс депутаттары қарап жатыр. Мен бұл бастаманы қолдауға дайынмын, — деді Мемлекет басшысы.
«Amanat» партиясы ШҚО филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркеновтың айтуынша, биыл облыстың барлық қалалары мен аудандарында тұрғындарды «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқытуға арналған ұйымдастыру техникаларымен, жиһаздармен жарақтандырылған арнайы кабинеттер ашылған. Жобаға қатысушыларды оқытуға орай апта сайынғы оқыту кестесі жасалған.
Облыс бойынша 21 қарашаға дейін қаржылық сауаттылыққа үйрену курстарын жоспардағы 6500 адамның орнына 6785 адам оқыған көрінеді. Соның ішінде Өскеменде – 1099 адам, Риддерде – 452, Шемонаиха ауданында – 834, Глубокое ауданында – 716, Зайсан ауданында – 832, Ұлан ауданында – 707, Тарбағатай ауданында – 644, Катонқарағай ауданында – 399, Күршім ауданында – 207, Самар ауданында – 544, Алтай ауданында – 351. Барлығы 6785 адам бес күндік оқу кустарына қатысып, тапқан табысты қалай үнемдеп, көбейтуге болатындығы туралы қаржылық сауаттылыққа үйренген.
Қаржылық сауаттылыққа оқыту курстары келер жылы да жалғасады.
– Бұл жоба үш жылға арналған. Біздің облыста «Қарызсыз қоғам» жобасы ақпан айынан бері іске асырылып жатыр. Жылдың аяғына дейін тағы да үш-төрт топты оқытып, қатысушылардың санын 7500-ге жеткізуді көздеп отырмыз. Қалаға қарағанда ауылда жұмыс табу қиын. Сондықтан басты назарды ауыл тұрғындарына аударып отырмыз. Жобаға Глубокое, Тарбағатай, Шемонаиха, Зайсан аудандарының тұрғындары белсене қатысып жатыр. Осы орайда жергілікті атқарушы органдарға алғысымызды білдіреміз. Қазіргі күні «Аманат» партиясы «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» жобаларын қатар іске асырып жатыр. Қаржылық сауаттылығын арттыруға келген, жұмыссыз жүрген ауыл тұрғындарына жеңілдікпен несие беретін «Ауыл аманаты» сияқты мемлекеттік бағдарламалар бар екендігін түсіндіріп, олардың өз кәсіптерін бастауына мүмкіндік туғызып жатырмыз, – дейді «Amanat» партиясы ШҚО филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов.
Халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін қалыптастыру әсіресе шалғай аудандардың тұрғындары үшін аса маңызды. «Amanat» партиясы келер жылы Марқакөл, Үлкен нарын, Самар, Күршім, Катонқарағай сияқты қатысушылар саны төмен аудандар мен жаңадан құрылған аудандар тұрғындарының «Қарызсыз қоғам» жобасына көбірек қатысуын қамтамасыз етуді көздеп отыр. 2025 жылдың 13 қаңтарынан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша қаржылық сауаттылыққа оқыту курстары Күршім ауданында басталмақ. Былтыр аталған ауданда үш реттен бес күндік оқу курсы өткенімен тұрғындар тарапынан оған қызығушылық аз болған екен.
Аманбай Нұркенов келер жылы «Қарызсыз қоғам» жобасына несиелік қарыздары бар, оларды мерзімінде төлей алмай жүргендерді, қаржылық мәселелері бар, жұмыссыз жүрген азаматтарды көбірек тартуға көңіл бөлінетінін тілге тиек етті. Өйткені, қазір банктер алдында қарызы бар борышкер тұтынушылар жобаға қатысушылардың 10 пайызын ғана құрап отыр. Жобаның тиімділігін арттыра түсуде де көңіл бөлуді қажет ететін тұстар бар. Соның бірі – банк алдындағы қарызын төлей алмай жүрген борышкерлерді, нағыз қолдауды күтетін азаматтарды жобаға тартудың тетіктерін жетілдіру.
– Біріншіден олардың кім екені белгісіз, оларды банктер жария ете алмайды, білген күннің өзінде күштеп жобаға қатыстыра алмаймыз. Ондай борышкерлерге тек банктер арқылы ғана қолдау көрсете аламыз. Жыл соңында екінші деңгейдегі банктердің басшыларымен кездесу өткізіп, осы түйткілді мәселелерді бірлесе шешуді қолға алмақпыз. Банктер борышкерлерді өз алаңдарында жинап берсе, менторларымыз ол жерге барып та оқу курстарын жүргізе алады, банк қызметкерлері тұрғындардың несие қарызын қайтаруына өздері де ниетті болуы керек, –дейді «Amanat» партиясы ШҚО филиалының атқарушы хатшысының орынбасары.
Облыста «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша қаржылық сауаттылық курстарын оқытып жатқан менторлардың бірі – Ермек Жұмағұлов биылдан бастап мектеп оқушылары мен студенттерді де қаржылық сауаттылыққа оқыту басталғанын айтады.
Жамбыл облысының Мерке ауданында қаржылық қиындықтарға тап болған тұрғындарға қолдау көрсететін «Оқу орталығы» пилоттық жобасы іске асырылып жатыр. «Балық берме, қармақ бер» қағидатына негізделген осындай орталық (қажеттілігіне қарай) болашақта өзге өңірлерде де ашылуы мүмкін. Қарызы бар, несиесін төлей алмай жүрген тұрғындар осындай орталыққа келіп, келісім-шарт бойынша түрлі жұмыс орындарына барып, жұмыс істеп, тапқан табыстарымен қарыздарын қайтара алады. Бұл тетік те қарызы бар азаматтардың берешектерін жабуға бағытталып отырған шара.
Халық несие аларда тиімді мөлшерлеменің деңгейін түсінбей, мерзіміне және несиені қайтару шарттарына назар аудармайтыны бар, соның салдарынан несиені қайтаруда қиындықтарға кезігіп жатады..
«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып жатқандардың тағы бірі – Бибіхан биылғы жылдың тамызында отбасымен Қапшағайдан Өскеменге көшіп келген екен. Келген беті қаладағы мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркеледі. Мансап орталығынан «Қарызсыз қоғам» жобасымен тегін қаржылық сауаттылықты арттыру курсын оқытып жатқанын естіп, ШҚУ-да өткізіліп жатқан оқу курсына жазылады.
– «Отбасы банк» арқылы Өскеменнен бір бөлмелі пәтер сатып алғанмын. Қазіргі күні ипотекамды мерзімінде төлеп жатырмын. «Қарызсыз қоғам» жобасы көп нәрсеге көзімді ашты. Қаржы сарапшылары ауылда тұрып та, қалада тұрып та ақша үнемдеуге болатынын көрсетті. Оқытушы Ермек Маратұлы бізге кәсіпті қалай бастаудың жолдарын да түсіндірді. Алдағы уақытта жеке кәсіппен айналысуды көздеп отырмын. Семей қаласындағы шағын полиграфиялық өндірістің 1 000 000 теңге көлеміндегі франшизасын сатып алып, Өскеменнен осындай бизнес түрін ашуды жоспарлап жүрмін. Бір апталық теориялық білімімді кәсіп бастаған кезде тәжірибе жүзінде қолданып, кіріс-шығыс есептерін жүргізбекпін, — дейді Бибіхан.