Әзербайжанда муниципалитет сайлауының мерзімі белгілі болды
Әзербайжанда муниципалды сайлау 2025 жылдың 29 қаңтарында өтеді.
Бұл туралы елдің Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) кезекті отырысында мәлім болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Отырыста сөз сөйлеген ОСК төрағасы Мазахир Панахов елде кезекті муниципалдық сайлауды 2025 жылдың 29 қаңтарында өткізудің орындылығын атап өтті. Ұсыныс дауысқа салынып, бірауыздан қабылданды.
«Біз сондай-ақ азаматтарды муниципалдық сайлауға, оның ішінде кандидат ретінде белсенді қатысуға шақырамыз», — деп қосты ОСК төрағасы.
ОСК хатшысы Арифа Мұхтарованың айтуынша, ведомство сайлауға дайындалу жөніндегі негізгі әрекеттер мен іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті.
«Сайлау науқаны процесі 6 қаңтарда басталып, 28 қаңтарда сағат 00:00-де тоқтатылады. Сайлау бюллетеньдері 19 қаңтарға дейін дайын болады», — деді ол.
Әзербайжан Республикасында соңғы муниципалды сайлау 2019 жылдың желтоқсан айында өтті. Ол кезде өзін-өзі басқару органдарына 15154 адам сайланды.