Дауыс беруге парламенттің 85 депутаты тіркелді. 80 депутат cайлауды 14 желтоқсанда өткізуді қолдап, бірде-бірі қарсылық білдірмеді, деп жазады Kazinform агенттігі.
– Алғаш рет президент сайлауын тікелей дауыс беру арқылы емес, парламент депутаттары мен Аджария мен Абхазия Жоғарғы кеңестерінің, сондай-ақ жергілікті әкімшіліктер өкілдерінен тұратын сайлау алқасы өткізеді, — деді спикер Шалва Папуашвили.
Ол қазіргі президент Саломе Зурабишвилидің алты жылдық өкілеттігі 16 желтоқсанда аяқталатынын, сондықтан Конституцияда белгіленген мерзімде сайлау өткізу керектігін еске салды. Жаңа президентті ұлықтау рәсімі 29 желтоқсанда өтеді.
Грузияның қазіргі президенті Саломе Зурабишвили 2018 жылы азаматтардың тікелей дауыс беруі арқылы 6 жылдық мерзімге сайланды. Оның мерзімі осы күзде аяқталады. Конституцияға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес, болашақ президентті 26 қазанда өтетін парламенттік сайлаудан кейін парламент депутаттары мен жергілікті билік өкілдерінен тұратын 300 сайлаушыны қамтитын алқа 5 жылдық мерзімге сайлайды.