Каспийде итбалық әлі де қырылып жатыр
Бұл жайында Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейн инспекциясынан хабарлады.
24 қазан мен 18 қараша аралығында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу барысында жағалауға шығып қалған 1 155 итбалық өлексесін тапты.
«Маңғыстау облысының жағалау белдеуін — Құлалы, Теңіз, Подгорный, Новый аралдарын, сондай-ақ Қаражанбас пен Қаламқас кен орындарының аумағын тікұшақпен барлау барысында тағы 834 итбалық ұшасы анықталған. Негізгі 500-ден астам бөлігі Құлалы аралынан табылған. Осы аралықта бас-аяғы 1989 өлі итбалық қаңқасын жинап алдық», — делінген хабарламада.
Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Андрей Руцкийдің мәліметінше, өлекселер әбден шіріп, ыдырап кеткен, сондықтан патологиялық материал алу мүмкін болмаған.
«Итбалықтардың тіні мен ішкі органынан сынама алдық. ПТР әдісімен сынама алынып, құс тұмауы, оба, сальмонеллоз, пастерелиоз, вестериоз секілді жұқпалы аурулары бар-жоғы тексерілді. Ондай сырқатқа шалдықпаған болып шықты. Түпқараған ауданындағы полигонға жеткізіліп, сонда жойылып жатыр. Итбалық қырылуының себебі бүкіл лабораториялық зерттеу нәтижесі шыққан соң белгілі болады, ғылыми ұйымдардың пікірінше оған бірнеше ай кетуі мүмкін. Бүкіл екі мың итбалық балықшылардың ауына түсіп мерт болды деп айта алмаймыз, арасында бірді-екілісі солай жан тапсыруы мүмкін. Факторлардың бірі ғана ол. Бір-екі аптаға созылған дауыл кезінде өзге елдердің жағалауында өлген итбалықтарды біздің елдің жағалауына әкеліп тастағаны көрініп тұр», — дейді Андрей Руцкий.
Еске сала кетсек, қарашаның басында Каспий жағалауынан 500-ден астам итбалықтың өлексесі табылды.