Басты

Мемлекет басшысы мемлекеттік сапармен Мажарстанға барды

Нөмірі бірінші борт Белградтан кейін Будапешт әуежайына қонды. Кеше кешкісін Президент мемлекеттік сапармен Мажарстанға барды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде осы елге алғаш рет ат басын бұрып отыр.

Будапешт әуежайында қазақ басшысын Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан қарсы алды. 2 күнге жоспарланған сапар аясында ауқымды іс-шаралар жоспарланған, деп жазады 24.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанның президентімен және премьер-министрімен кездесіп, екіжақты әріптестік аясын және ынтымақтастықты нығайту жағын талқыламақ. Сондай-ақ жергілікті бизнес өкілдерімен де әңгімелесіп, елге инвестиция тарту мәселелерін қарастырады.

Мажарстан – Еуропаның жүрегі, терең тарихы мен бай мәдениеті бар ел. 896 жылы негізі қаланған мемлекет бүгінде «Еуропаның шипажайы» аталып, термальды су көздерімен танымал. Будапештте 500-ден астам минералды ыстық бұлақ бар. Мажарстан жер жаһанға ғылымдағы жаңалықтарымен де танымал. 1974 жылы Эрне Рубик бәрімізге жақсы таныс Кубик Рубикті ойлап тапқан. Жалпы мұнда Нобель сыйлығының 15 лауреаты бар. Тарих пен мәдениеттің бірегей үйлесімі әрі өз таңғажайыптары мен жаңалықтарымен әлемді таңғалдыра беретін ел. Тағы айта кету керек, мұнда осы күнге қыпшақтардың дұғасы да сақталған екен.

Түбі бір түркі халықтарын ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Бүгінде қазақ-мажар қатынасы бұрын-сонды болмаған деңгейге көтерілген. Арадағы алыс-беріс те жыл өткен сайын артып келеді. Биыл ол 9 айдың ішінде 144 млн долларға жеткен. Тауар айналымның негізгі бөлігін импорт құрайды. Қазақстандық экспорт болса 3,3 млн доллардың шамасында.

 

TuraNews

Back to top button