Үкімет басшысы «Адал адам» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстарды көрді
Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде «Бесарық» ауылының тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов Президент бастамасымен жастарды отаншылдық, адамгершілік рухында тәрбиелеуге бағытталған «Адал адам» тұжырымдамасының іске асырылу барысын баяндады.
«Мемлекет басшысының «Адал азамат» Тұжырымдамасына, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес елді мекендердегі халықтың мәдениет нысандарына қолжетімділігін арттыру мақсатында «Адал адам – мәдени-тәрбие беру орталығы» жобасы әзірленді.
Жоба ақпан айынан бастап 171 мәдениет үйі мен клубтарда іске асырылуда.
Әрбір мәдениет үйі мен клуб ғимаратының сыртқы фасадына «Адал адам мәдени-тәрбие орталығы» атауы ілінді.
Мәдениет ошақтары 7 бағыт бойынша жұмыс жоспарын қайта әзірлеп, тоқсан сайынғы іс-шаралар жоспарын бекіттік.
Апта сайын тәрбиелік мәні бар шаралар өтуде. Атап айтсақ, «Кино-тайм» бағыты аясында тәрбиелік мәні бар ұлттық фильмдер көрсетіледі. «Сұхбат time» бағытында елге сыйлы спикерлермен, үлгілі отбасылармен, еңбек адамдарымен сұхбаттар ұйымдастылады. «Әлем-BOOK» бағытында оқырмандар клубы құрылған, балаларға қызықты кітаптар таныстырылып, көркем әдебиеттегі қызықты шығармалар негізінде қойылымдар сахналанады. «ART уақыт» жобасы аясында балалардың шығармашылық үйірмелерге қызығушылығын арттырып, үйірмелердегі жанр түрін көбейтіп, музыкалық аспаптармен қамтылады.
«Креативті хаб» жобасы аясында әр ауылдың ерекшелігіне қарай қолөнер шеберлерінің бұйымдарынан және әулеттің құнды жәдігерлері мен коллекцияларынан көрме-жәрмеңкелер ұйымдастырылады. «Жанұя шуағы» бұрышын ашу арқылы отбасылық рәсімдер өткізіледі. Еріктілер тобындағы жасөспірімдер мен жастарды еңбекке баулу, қайырымдылық істерге бейімдеу мақсатында маусымдық жұмыстарға тартылуда.
«Бесарық» ауылында демеушілік қолдау есебінен осы жылы 150 адамға арналған Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Мұнда балалар үйірмелері ашылып, музыкалық- шығармашылық ұжым құрылды. Сонымен қатар «Адал адам» мәдени орталығында подкаст-студия ашылған. Онда тікелей эфирде ауыл бизнесін дамытудың өзекті мәселелері талқыланады, көрермендерге жергілікті цехтарда өндірілген өнімдер таныстырылады», — деді Ш. Байманов.
Еске салайық, биыл Сыр өңірінде «Руханият жылы» жарияланды. Барлық 7 ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтарының құрылысы басталды.