Алматы облысы Сычуань провинциясымен бауырластық байланыс нығайтып келеді
2024 жылғы 12 қарашада Қытайдың Чэнду қаласында “Сычуань провинциясының бауырлас қалаларымен ынтымақтастығы мен дамуы жөніндегі халықаралық конференция” ресми түрде ашылды.
Қазақстан делегациясын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Қалдыбеков пен Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Айбар Талғатұлы бастап барды. Олар бауырлас қалалардың басшылары қатысқан дөңгелек үстелде негізгі тақырыптар бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Конференция аясында екі өңірдің 47 жоғары оқу орнын біріктіретін Сычуань-Алматы университеттер альянсы ресми түрде іске қосылды. Сонымен қатар, Алматыда қытай тілін оқытуға арналған халықаралық база құру және Сычуань педагогикалық университеті мен “Туран” университетінің бірлесуімен қазақ және орыс тілдерін оқыту орталығын ашу туралы маңызды келісімдерге қол қойылды.
Айта кетейік, 2017 жылы Сычуань провинциясы мен Алматы облысы арасында бауырлас қатынастарды орнату туралы келісім жасалып, бұл оқиға екі өңір арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашты. Бұл Сычуань провинциясының Орталық Азия өңірімен алғашқы бауырластық байланысы болды.
Сонымен қатар, 2021 жылдың 6 мамырында Сычуань провинциясы мен Алматы қаласы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, “Молшылық мекені” мен “Алма қаласы” арасындағы серіктестік одан әрі нығая түсті.