Қырғызстанда «Социал-демократтар» партиясының өкілдеріне жергілікті кенеш депутаттарын сайлау кезінде сайлаушыларға пара берді деген айып тағылып, оларды тінту және ұстау жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды TuraNews.kz агенттігі Kazinform-ға сілтеме беріп.
Бішкек ІІБ мәліметінше 13 қарашада қырғызстандық әлеуметтік желілерде социал-демократтар партиясы штабының бастығы Ирина Карамушкинаның сол партиядан Бішкек қалалық кенеш депутаттығына кандидат Данияр Шолпонбаевпен әңгімелесуінің аудиожазбасы тарады, онда олар алдағы 17 қарашада жергілікті кенештерге депутаттарды сайлауда сайлаушылардың дауыстарын сатып алуды талқылаған.
Бішкек ІІБ тергеу қызметі ҚК 196-бабы «сайлаушылардың дауысын сатып алу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, 2024 жылдың 17 қарашасында Қырғызстанда жергілікті кенештердің, сондай-ақ Бішкек және Ош қалаларының депутаттарын сайлау өтеді. Алдағы сайлауға байланысты Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ел халқына үндеу жасады.
Бұған дейін Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары — ҚР ҰҚК басшысы Қамшыбек Тәшиев жергілікті кенештер депутаттығына үміткерлердің әрқайсысының криминал мен сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар-жоғын мұқият тексеруді тапсырған болатын.
18 қазаннан бастап жергілікті кенештерге депутаттарды сайлау жөніндегі үгіт-насихат кезеңі басталды.