Медицина қайраткерін еске алуға Қазақстан мен Өзбекстанның ғалымдары, елшілік пен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің өкілдері қатысты, деп жазады Kazinform.
Әуелі Гүлсім Асфердиярованың бейітінде құран оқылып, кейін Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде ғылми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Іс-шарада С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Марат Шоранов ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың құттықтау хатын оқып берді.
«Орталық Азияда медицинаны дамытып, балалар мен әйелдер денсаулығын жақсатуға Гүлсім Асфендиярованың қосқан еңбегі өлшеусіз. Атап айтқанда, ол алғаш болып перзентхана ашып, сол кезеңдерде озық деп саналған медициналық тәжірибелерді енгізді. Осының арқасында Г.Асфендиярова көптеген әйелге үміт сыйлады», — делінген министрдің конференция қатысушыларына арнаған хатында.
Гүлсім Асфендиярова 1880 жылы қараша айында Шымкентте туған. 1901-1908 жылдар аралығында Санкт-Петербургтегі әйелдер медицина институтында білім алған.
Ғалымдардың айтуынша, қазақ қызы Орталық Азиядағы медицинаның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Атап айтқанда, дәрігерлер мен мейірбекелерді даярлайтын курс ашты, аурухана және емханаларды құруға ықпал етті.
Сонымен қатар ол 1900 жылдардың бас кезінде Орталық Азияда тұңғыш рет кесір тілігі отасын жасап, әйелдерді босандырған, тұңғыш жекеменшік перзентхана ашқан адам.
Гүлсім Асфендиярова белгілі дәрігер Санжар Асфендияровтың туған әпкесі. Зерттеушілер атап өткендей, олар Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін құруға негіз болған ілкімді жобалар мен бастамаларды әзірлеген.
Еске алу іс-шарасының соңында Ташкент қаласында ас беріліп, марқұмның рухына құран бағышталды.